Ерлік ешқашан ұмытылмайды

348 Views

Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай, 9 мамыр күні Жалпақсаз ауылында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тауып, елге оралмай қалған 105 жауынгерге, майданнан елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде тер төгіп еңбек еткен 60-қа жуық майдангерлерге және сол бір ел басына күн туған қиын-қыстау кезде Жеңіс үшін аянбай еңбек еткен тыл ардагерлеріне арналған «Ерлік және еңбек даңқы» ескерткіш тақтасы салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Еспенов Ерғазы Жұмабекұлы, Жалпақсаз ауылының тумасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова, ауыл ақсақалдары Әбен Сағынов, Сейдінбек Шілдебаев, ардагер-ұстаз Бибігүл Қазыбаева, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Бекқұл Әлі қатысып, арнайы лента қию рәсімі жасалды. Ауылға ерекше өзіндік сән беріп тұрған бұл ескерткіштің бой көтеруіне ауыл тұрғындары және Қарақыстақ ауылдық әкімшілігі атсалысты.
Бұл нысанның іргетасын қалап, жалпы нұсқасын бетондап бастап берген ауыл тумасы Жансерік Берікбайұлына ауыл тұрғындарының атынан алғысымызды білдіреміз. Ескерткіш ашылған соң гүл шоқтары қойылып, әруақтарға бағышталып құран оқылып, көпшілікке ас берілді. Ескерткіштің ашылу құрметіне орай ауыл жастары мен аудандық мәслихат депутаты Данияр Әлпейісов ауыл ақсақалдары мен еңбек ардагерлеріне шапан жауып құрмет көрсетті. Осы округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Данияр Әлпейісовтің демеушілігімен 16 түп туя ағашы отырғызылды. Кәсіпкер Ербұлан Атабаев 10 түп раушан гүлін отырғызуға демеуші болды. Бұл ескерткіш нысаны келешек ұрпақтарымыздың бойына туған жерге, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерінің қалыптасуына қызмет ететін болады.

Серік Өтегенов,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: