Ерлікке тағзым – ұрпаққа ұлағат

118 Views

Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды ауылдық клубының қызметкерлері 9 мамыр – Жеңіс күніне орай мәдени іс-шара өткізді.

2018 жылы Шолаққайыңды ауылының тұрғындары өз қаражаттары есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен майдан даласында шейіт болған боздақтарға және тыл ардагерлеріне арнап «Ерлікке тағзым – ұрпаққа ұлағат» мемориалды тақта ескерткіш тұғыр орнатқан болатын. Соған барлығы 96 адамның аты жөндері тасқа қашалып жазылды. Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай, ауыл қариялары, еңбек ардагерлері Тастан Мәндірбаев, Нығматулла Исаев, Ерметай Жұмабаев, Ғалым Нұрлыбаев, Сырғатай Бектуров, Айнабек Жадыраев сол 2018 жылы ашылған «Ерлікке тағзым – ұрпаққа ұлағат» мемориалды тақта ескерткіш тұғыртасына гүл шоқтарын қойып тағзым етті. Ауыл көркемөнерпаздары жиналған көпшілікке арнап әскери патриоттық әндерді орындап, дұға бағышталды.
Айта кетейік, аталған ауылда туып, соғыстың басталуынан соңына дейін ауыр шайқастарға қатысып, Жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алған аға сержант Төлеуқұл Байдалиев аға елге аман-есен оралған соң Жамбыл атындағы ұжымшардың құрылыс бригадасы, зейнет жасына шығар алдында 3-ші комплексті өндіріс бригадасын басқарды. Қант қызылша өнімдерін жылдар бойы мемлекетке асыра орындағаны үшін тіпті оған «Москвич-312» жеңіл автокөлігі сыйға берілді.Жанұясында он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген отағасы атанды. Сол сияқты Тоқтарқұл Байдосов ағамыз да Ұлы Отан соғысына қатысып, жарақат алған соң елге оралып, ұжымшардың мүйізді ірі қара мал фермасының меңгеруші қызметін атқарып, шаруашылық тың экономикасын көтеруге өз үлесін қосты. Аудандық ономостика мемлекеттік мекемесі атқарған ерен еңбектерін бағалап, Шолаққайыңды ауылының орталық көшелерінің біріне Тоқтарқұл Байдосов атауы берілді.Ауылымыздағы ардақты екі ардагердің еңбектері де еленбей қалған жоқ. Көптеген мемлекеттік марапаттар мен медальдардың иегері атанып, қадірменді қариялары болып өмірден озды.

Бейбіт Байсариев,
зейнеткер, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті ардагері.

Поделиться ссылкой: