Ел аманаты Оралға жетті
Көктемгі тасқын судың зардабын Атырау, Батыс Қазақстан, Петропавл халқы әлі де көруде. Баспанасынан айырылған мыңдаған адам үй-жайсыз далада қалғанда бүкіл Қазақ елі көмек қолын созды. Қазақ: «Суға кеткен тал қармайды» демей ме? Теледидардан топан судың тыныш ұйқыда бейқам жатқан он төрт облыстың тұрғындарын әбігерге түсіргенін көзімізбен көрдік. Қолында төлқұжатынан басқа түгі қалмаған жұртқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаржылай көмек бергізіп, барлық құрылымдарды тасқын су басқан елді мекендерді апаттан құтқаруға жіберіп, халыққа осындай қиын-қыстау сәтте Үндеу тастады.
Содан бері біраз уақыт өтті. Үйсіз, күйсіз қалғандарға Үкімет үй салып беріп, жылы да жайлы баспанаға көшірді. Қазір су басқан аймақтардан қарғын су кеткелі көптеген жанұялар өздерінің қабырғасы қақырап, дүние мүлкі жарамсыз болып қалған баспаналарына оралып жатыр. Үкімет оларға қаржылай жеңілдіктер беріп, жөндеу, қайта қалпына келтіру, жаңа үй салып беруді қолға алды. Ал, Оралда Ресейдің Орскі аймағындағы су қоймасынан келіп жеткен су елді әлі әлекке түсіруде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген рас-ау. Осы соңғы отыз жылда болып көрмеген апаттан зардап шеккен оралдықтарға Тұрар Рысқұлов ауданының халқы да көмек қолын созды. Бұл бастаманы ең алғаш «Тоғатай-Сиқым ұрпақтарының» қоры бастаған болатын. Іле оны бүкіл аудан жұртшылығы қолдап ала жөнелді.
– Ақыртөбе аймағындағы барлық елді мекендер Көгершіннен Сөгетіге дейінгі жұрт Ақыртөбеде қаңтарулы тұрған тоғыз тонналық жабық «дайманға» жан-жақтан азық-түліктері мен киім-кешектерін әкеле бастады. Мұхтар Әуезов пен Шоқан Уәлиханов атындағы мектептері алғашқылардың бірі болып қайырымдылық шарасын жасады. Олардың артынша аудандық телеком, орталық аурухана, аудандық білім бөлімі барлық ауыл-аймақ азаматтары, еріктілер, қоғам белсенділері осынау жақсы бастамамызға өз үлестерін қосуға ниет білдірді, – дейді «Сиқым – Тоғатай» қоғамдық қоры президентінің орынбасары Ғалымбек Ерболатұлы Шәріпханов.
Жүк тиеліп болған соң, Жарлысу ауылының жасы 96-ға келген қариясы Тұрсымбай ақсақал ақ батасын беріп Ғалымбек Шәріпханов бастаған Мәди Құлметов пен Данияр Тілеубердиевтерді екі мың шақырымдық алыс сапарға шығарып салды. Ел аманатын арқалаған азаматтарға аудан әкімі Ернар Есіркепов пен Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ахметов ақтара ақ тілектерін айтып, сәт сапар тіледі. 9 мамыр Жеңіс күні ауыр жүк тиеген көлік Орал қаласына аман-есен жетті. Осылай 79 жыл бұрын Луговойдан осындай аманатпен блокададағы Ленинградқа Моторша бастаған ерікті топ азық-түлік, киім-кешек жеткізгенін естіген едім. Ол соғыс кезі еді. Ал, мына апат бейбіт кезде ел-жұртты әбігерге түсіріп отырған жоқ па? Не десеңіз де бұл Тұрар Рысқұлов ауданы халқының күйзелген елге деген қайырымдылық шарасы ғой. Сонымен Ғалымбектің «керуенін» Оралдан Ғарифолла Бекбаулиев, Үмбет Жолынбаев, Асан Төрегелдиев, Бауыржан Бақтыгереев сынды әкімдік өкілдері мен әкім Андрей Николаевич Заозеров, Андрей Бойцовтар қарсы алды. Сонымен Ақыртөбеден жеткен ел аманатын әкімдік адамдары «Нұрлы жол», «Колос», «Подстепное», «Автодорожино», бірінші және екінші саяжай елді мекендерінен келген 298 азаматқа үлестіріп берді. Олардың 32-сі көпбалалы отбасы, үшеуі «Алтын алқалы» ана. Орал халқы Жамбыл жерінен барған азаматтарға жүрекжарды алғыстарын айтып жатты. Оралдық Просаева мен Минаева, мешіт имамы Ерлан қажы, әкім орынбасары Гүлназ Базарбаевалар Тұрар Рысқұлов ауданының халқына шексіз ризашылықтарын білдірді.
С.Қожеке.