Төл мерекелерімен құттықтады

177 Views

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде мерекелік салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Айта кетейік, бұл жиынға мәдениет үйінің әртістері ғана емес, ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еселі еңбек еткен Зайтуна Оразалиева, Нұрсұлу Топатаева секілді ардагерлер де арнайы шақырылды.

Еркін форматта өткен мерекелік жиында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы мәдениет саласына айтарлықтай көңіл бөлініп отырғанын, биыл Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, сондай-ақ, Жаңатұрмыс ауылына жаңа мәдениет нысаны салынатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, аудан әкімі сала қызметкерлерінің атқарып жатқан еңбегі ұшан-теңіз екенін баса айтып өтіп, жиынға қатысқан өнерпаздарды төл мерекелерімен құттықтады. Содан соң сөз сөйлеген аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов елімізде тойланатын басқа да мереке күндері өзге салада қызмет істейтін еңбек адамдары демалатын болса, мәдениет және өнер қызметкерлері демалыссыз, дамылсыз халыққа қызмет жасайтынын айрықша атап өтті. Одан кейін шараға арнайы шақырылған мәдениет және өнер саласының ардагерлері мен осы кезде еңбек етіп жүрген бірқатар өнерпаздар арнайы наградалармен марапатталды. Салтанатты шара еркін форматта өткендігін атап өттік қой. Яғни, бұл жиында құр мақтаулар емес, келелі мәселелер де айтылды. Мәселен, мәдениет саласының ардагері Зайтуна Оразалиева өнер деген кім көрінген қызмет ететін «Авгийдің атқорасы» емес екенін айтып, ауылдық клубтарда аспаптардың жетіспейтінін сөз етті. Аудан басшысы осы айтылған мәселелерге қатысты алдағы уақытта көтерілген ұсыныстар бақылауға алынып, тиісті тапсырмалар жүктелетінін айтты.

Дегенмен, «барды да бар» деп жазғанымыз абзалырақ болар. Айталық, 2017 жылы Түркияның Анкара қаласы Етиместут мэриясының ұйымдастыруымен өткен халықаралық «Анадолы күндері» фестиваліне «Әдемі-ау» халықтық би ансамблі қатысып, ел мерейін үстем етті. Оны біз газетке арнайы бет әзірлеп тұрып жазғанбыз. 2018 жылы облыстық «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі – 2018» байқауына Құмарық ауылдық мәдениет үйі қатысып, жүлделі II орынды иеленген болатын. 2022 жылы «Театр – өмір айнасы» халықтық театрларының облыстық фестиваліне Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымы қатысып, жүлделі I орынға ие болды. Ол да жазылды газет бетінде. Газетіміздің алдыңғы нөмірінде де Шона Смаханұлының туылғанына 100 жыл толуына орай Талас ауданында «Шоқ тілді Шона» атты тақырыпта ұйымдастырылған облыстық байқаудан Басқар Битанов атындағы халықтық театр әртістері жүлделі II орынға ие болып, 500 мың теңгелік сертификаттың иегері атанғанын жазған едік. Бұл театр ұжымы 2023 жылы Қостанай қаласында өткен белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметұлының шығармашылығына арналған республикалық фестивальде жүлделі I орынға ие болған еді. Мінеки, көре білгенге осындай жетістіктерде бар.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: