Ілияс Жансүгіровтің үш поэмасын жатқа білетін оқушы

160 Views

Оқушының қабілетін тану – мұғалімге байланысты. Әйтпесе, «нашар оқиды» деген оқушы жоқ. Себебі кез келген оқушыда қабілет бар. Оның айқын дәлелін Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің 10 сынып оқушы Арайлым Мейрамханқызына қарап-ақ айта аламыз. Арайлымды бұған дейін де біз газет бетіне жазғанбыз. Сол кезде Арайлымның Талдықорғанда өтетін республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауына қатысып бақ сынайтынын атап өткен едік.

Жақында жағымды жаңалық естідік. Арайлым Мейрамханқызы жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында өткен республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауының «Ілияс – эпик ақын» бағыты бойынша жүлделі І орын иеленген екен. Арайлым өзінің сынып жетекшісі әрі осындай байқауларға қатыстырып, талабын шыңдап жүрген Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлсін Исаева екеуі редакциямызға келді. Әңгімелестік. Жазатын деталімізді түртіп алдық.
Арайлым Мейрамханқызы Қожа Ахмет Яссауидің көптеген хикметін жатқа біледі. Хикмет жаттау оңай емес әрине. Ол үшін адамның жады мықты болу керек. Құдай сол қасиетті Арайлымға берген. Ол Ілияс Жансүгіровтің де үш поэмасын жатқа біледі. Хакім Абайдың да біраз өлеңін жаттап үлгерген. Енді осының бәрін ойлап көріңіз. Қандай дарынды оқушы десеңізші. Бұл басқа мектеп оқушыларына да үлгі. Басқа мектептердегі мұғалімдер де оқушыны осылай қамқорлығына алып, жұмыс жасауы керек. Сонда ғана жақсы нәтижелерге жетеміз.
Жалпы, Шоқан Уәлиханов атын­дағы шағын орталықты орта мек­тептен көптеген дарынды оқушылар түлеп ұшқан. Біз соның бірі ретінде Ахмет Қамшыбекті айта аламыз. Ол да осыдан бірнеше жылдар бұрын республикалық «Абай оқулары» байқауынан бас жүлде еншілеп, ауданы­мыздың мерейін асырған еді. Одан кейін де осы мектепте оқи­тын дарынды оқушылар түрлі байқау­лар­дан жүлдемен оралып жүрді. Сол сара жолды мінеки Арайлым да жал­ғас­тырып отыр.
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің директоры Бекмұрат Қиялбеков те дарынды оқушыны айтулы жетістігімен құттықтап, лебізін білдірген екен. Расымен де Арайлым секілді дарынды оқушы мектептің мақтанышы екені сөзсіз. Арайлымның сынып жетекшісі Күлсін Құдайбергенқызы да шәкіртінің өте алғыр әрі білімді оқушы екенін айтады. Арайлым биыл 10 сыныпты тәмамдағалы отыр. Ол келер жылы да көптеген байқауларға қатысып, өзі білім алатын мектебінің ғана емес, ауданымыздың, тіпті облысымыздың абыройын асқақтатады деп сенеміз.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: