Тұрғындармен тілдесіп, мәселелерге мән берді

158 Views

Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың №826 Жарлығына сәйкес, Қайыңды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысты. Кездесуде аудан әкімі Ернар Серікәліұлы аудан аумағында атқарылып жатқан біршама шаруаларға тоқталды. Аудан әкімі биыл шалғайда жатқан ауылдарға үлкен мән берілетінін тілге тиек етті. Аталмыш ауылдық округке 1 млрд. теңге қаржы бөлініп, жеті бірдей жоба жүзеге асырылғалы жатыр. Сондай-ақ, округке қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарына таза ауыз су жүйесі жүргізіледі. Биыл оның біріне – 552 млн. теңге бөлінсе, екіншісіне – 494,6 млн. теңге қарастырылған. Тағы айта кететін жайт, округ орталығында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Оған бюджеттен 239,7 млн. теңге бөлінген. Ауыл тұрғындары үшін бұл қуантарлық жағдай. Аудан әкіміне ауыл тұрғындары өзге де өтініш тілектерін жеткізді. Әсіресе, Қайыңдыға баратын 5 шақырымға жуық облыстық мәндегі жол әбден мезі қылған. Аудан әкімі бұл мәселенің басты назарда тұрғанын айтты. Әңгіме барысында ауыл ардагерлері жастарды еңбекке баулу қажеттігін сөз етіп, патерналистік пиғылдан һәм масылдықтан арылу керектігін айтты. Жиында тек тұрғындар ғана емес, аудан әкімі де өтініш жасады. Әсіресе, қыс кезінде бағасы шарықтайтын төрт түліктің азығын түгендеуге тұрғындар бүгіннен бастап кірісу керектігін жеткізді. Кездесуде ауыл тұрғындары автожол, ветеринария, денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамту, «Ауыл аманаты» жобасын ауылға әкелу, су қоймасын салу сынды мәселелерді көтерді. Аталған мәселенің барлығы жеке зерделенетінін айтып, жұртты қуантты.
Дәл осындай жиын Тереңөзек ауылында да өтті. Аудан әкімі мұнда да атқарылған толымды тірліктерді баяндап, тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Жиын аяқтала салысымен ауылдағы білім ошағының жұмысымен танысып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелеу керектігін білім бөлімінің жаңа басшысы мен мектеп әкімшілігіне тапсырды.

Гүлнұр Аманжол.

Поделиться ссылкой: