Ұшырса ұямыз, қалайша қиямыз…

201 Views

«Сұр көйлек, ақ фартукпенен,
Келуші еді қыздар сәніміз.
Ақ көйлек, қызыл галстук,
Жарасушы едік бәріміз.
Бой жеткен қайда шашына,
Ақ бантик жүрген тағынып.
Әке болсақ та әр үйде,
Сендерді жүрміз сағынып».
Міне, бірге оқыған сыныптастар мен мектепке деген сағыныш сезімі осы екі шумақ маржан сөзден құралған өлең мәтінінің құрылысында әдіптеліп тұр. Мейлі, 10, 20, 30, 40, тіпті 50 жыл өтсе де, тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан алтын ұя мектебіңді қалай ғана ұмытарсың! Ұмытпайсың, әрине. Өйткені, ол – ностальгия! Сол қызықты сәттер еске түскенде күлеміз, әзілдейміз, кейде мұңаямыз. Адам сол үшін де адам.
25-ші мамыр. Күн сенбі. Құлан ауылы. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебі. Бұл үш ұғымды неліктен бөле жарып айтып отырмыз. 25-ші мамыр түсінікті енді. Құлан ауылы ұйымшылдығы мен бірлігі ұлардай ұйып, татулығы қыр асып отырған іргелі ауыл. Ал, осы ауылдағы білім ошағы анау-мынау емес, Алаш зиялыларының көсемі болған Әлихан Бөкейханның есім-сойын еншілеген. Мектеп ұжымы қашан көрсең, алдыңғы сатыдан көрінеді. Осының бәрін ой елегінен өткізсек, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің дәл осы білім ошағына арнайы барып, мектеп бітіруші жас түлектерге сәт-сапар тілеп, құттықтау сөз арнауы – өте оңды шешім секілді. Мектеп ұжымы да бұл салтанатты шараға жақсы дайындалыпты. Сценарийлері де жұп-жұмыр. «Мектебім, саған мың алғыс!» деген тақырыппен өткен салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Ернар Есіркепов:
– Мұғалім деген мәртебелі мамандыққа құрмет ерекше. «Педагог мәртебесі» туралы заң да қабылданды. Қазір қарап отырсақ, мұғалімге де, оқушыға да барлық мүмкіндік жасалған. Алғаш мектепке барған сәтте «А» деп әріп үйретіп, жүрек көзімізді ашқан, көптеген тағылымды дүниелер айтып, тұлғалық болмысымызды қалыптастырған ұлағатты ұстаздар қауымына шексіз алғыс айтқым келеді. Ал бүгін мектеп табалдырығын бітіргелі отырған жас түлектерге айтарым, әрдайым жолдарың ашық болсын. Дендерің сау болсын. Елімізде тек қана бейбітшілік заман орнасын. Біздің болашағымыз – сіздерсіздер. Аман болыңыздар. Қайда жүрсеңіздер де еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жүріңіздер, – деді. Содан соң Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің директоры Шолпан Дайрабаева да ізгі лебізін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі. Одан кейін салтанатты шараға арнайы шақырылған қонақтар және ата-аналар, яғни Келсін Абдикадирова, Бердіхан Бабасов, Елена Кубатина да ақжарма лебіздерін білдіріп, мектеп бітіруші жас түлектерге тілектерін арнады. Жалпы, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте 1735 оқушы білім алады. Биыл 97 түлек мектеп бітіріп отыр. Мектеп бітіруші түлектер өздерінің сан қырлы жақтарын көрсетіп, оқуда озат, спорттық жарыстарда алғыр болды. Олардың білімді, жан-жақты әрі саналы ұрпақ болып жетілуіне сынып жетекшілері, сондай-ақ, оларға сабақ берген барша ұстаздар қауымы зор септігін тигізгені анық.
Қош. Жұрт асыға күткен қоңырау үні де естілді. Бұл дегеніңіз – тағы бір жылдың мектеп түлектері үлкен өмірге қадам басты деген сөз. «Алтын белгі» және «Үздік аттестатқа үміткер» жас түлектер Азамат Серік, Айнұр Алтынбек, Назым Жақсылық, Аяна Төлеген, Аружан Рақыманалы, Мерей Аман, Адема Қуанышбекқызы, Қайрат Медеров, Елайым Жаппасова және Назерке Тохабай бір айналым жасап, соңғы қоңырау үнін естірткенде, менің де мектеп жылдарында өткізген қызықты сәттерім еске түсті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: