Балалық шағың – патшалық тағың…

131 Views

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Тынышбай Рақымның «Сәби болғым келеді» деген есті әні бар. Бұл әнді білмейтін қазақ та аз шығар, бәлкім. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шарада сол Мұқаң жазған көркем поэзиядағы келісті өлең еске түсті. Бәлкім, мұнымыз сол балалық шаққа деген тебіреністен не болмаса сондағы балалардың алаңғасар көңілін көріп, ойға шомып кеткеніміздің әсері де болуы бек мүмкін. Әйтеуір, сол Мұқағали жазған өлеңнің соңғы шумағы:
–Тар бесігі – кең жаһан тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге табылмаған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған, – деп аяқталатын еді. Ақын жүрегі ешкім мойындай білмейтін шынайылықты қалай жырлаған, ә! Өйткені, бәрімізде балалық шақты аңсаймыз, сағынамыз.
1 мауым күні алдымен Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің алдында балалар шығармашылығын дәріптеу мақсатында 5-10 жастағы мектеп оқушылары арасында «Асфальтқа сурет салу», «Қағаз бетіне сурет салу» бойынша жас суретшілердің аудандық байқауы өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар аудандық білім бөлімінің дипломдарымен марапатталып, демеушілілер тарапынан жас суретшілерге сыйлықтар табысталды. Содан соң шара «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» деген тақырыпта өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Бұл концерттік шараға аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Мерекелік концертте Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымы «Ауылдағы жазғы демалыс» ертегі көрінісін қойды. Содан соң «Ай-Әли» би ансамблі «Қазақ», «Аяна» балабақшасының «Қарлығаш» тобының бүлдіршіндері «Қамажай», «Павлин», «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблі «Попурри» балалар биін билесе, «Құлан» триосы «Туған ел», Айгерім Баймұратова мен Айару Нұрқаділ дуэті «Ана мен бала», Айбар Ерғали «Біз бақытты баламыз!», Арон Қадыржан «Ақмаңдайлым», Ұлан Маханбет «Жақсы адамдарым», «Жалын» тобы «Тәуелсіз елім» және «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблі «Бақыт деген» әндерді шырқап, қошеметке кенелді.
Айта кетейік, осы күні барлық білім беру мекемелерінде мектеп жанындағы лагерьлердің салтанатты түрде ашылуы өтіп, оған аудан бойынша 9772 оқушы қамтылған екен.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: