Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Құлан ауылындағы «Бұқаралық іс-шараларды дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде дәл осындай тақырыпта ілкімді іс-шара өтті. Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған мерекелік шара аудандық білім бөлімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, білім бөлімінің, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің, «Ақжүніс» аналарды қолдау орталығының төрайымы Жанат Дәулеталиеваның және аудандық білім бөліміне қарасты психологиялық-педагогикалық түзету кабинет мамандарының ұйымдастыруымен өтті. Осы арада аудандық білім бөліміне қарасты психологиялық-педагогикалық түзету кабинет мамандарының бұл іс-шараға бар ынта-шынтасымен дайындалып, жақсы ұйымдастыра білгенін айта кету керек. Шараға аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Әлібек Мамытжанұлы өз сөзінде ерекше білімді қажет ететін балаларға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етіп, бұл мереке біздің елде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде де тойланатынын сөз етті. Одан кейін «Аманат» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы Қанатбек Арыстанбеков, «Ақжүніс» аналарды қолдау орталығының төрайымы Жанат Дәулеталиева құттықтау сөз сөйлеп, ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналарын атаулы мерекемен құттықтады.
Дәл осындай іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады. Оны біз көріп жүрміз. Ұйымдастырушылар биылғы шараны өзгеше форматта өткізуді жөн көріпті. Яғни, жылдағыдай ерекше білімді қажет ететін балалар арасында емес, биыл олардың ата-аналары арасында спорттық жарыс өткізуді жоспарлаған екен. Және бұл оңды да болған секілді. Осылайша, аналар үш топқа бөлініп, спорттық жарысқа түсті. Жарыс нәтижесінің қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды «Барыс» командасы, жүлделі екінші орынды «Сұңқар» командасы иеленсе, жүлделі бірінші орынды «Қыран» командасы жеңіп алды. Командаларға аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан грамоталар мен сыйлықтар табыс етілді. Одан өзге де «Аманат» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті, «Жан жылуы» қоғамдық қайырымдылық қоры және «Зорлық-зомбылық» орталығының демеушілігімен ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналарына бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бұдан соң барлық балаларға тәттілер үлестіріліп, олар ата-аналарымен бірге «Сұлутөр» кинотеатрына келіп, тегін мультфильм көрді.
Марат Диханбай.