Жерлесіміз жеңімпаз
5-7 шілде күндері қазақстандық Masters athletics федерациясы «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығының ұйымдастыруымен ҚР Чемпионаты мен ардагерлер арасында ҚР Біріншілігі әуесқойлар арасында жеңіл атлетикадан жарыс өтті. Аталған жарыста Қазақстанның барлық облысы төбе көрсетті. Жалпы, 60-тан аса спортшылар қатысты. Додада 50-54 жас аралығындағы ардагерлер бақ сынасты. Жарыс Алматы облысы, Қарасай ауданында өтті. Сайыстың мақсаты – ардагерлердің өскелең ұрпаққа үлгі бола отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау.
Аталмыш жарысқа Жамбыл облысынан біздің аудан тұрғыны Тайлақов Еділбек Нурханович барып, қарсыластарын оза шауып жүлделі І орынды иеленді. Жасы 51-де. Сұхбаттасу барысында, кейіпкеріміз 3 километр жүгіріп, арнайы 4 кедергіні артқа тастап, бар жоғы 13 минутта келгенін айтты. Әрине, барлығы бұған таңырқай қарағаны айтпаса да түсінікті. Үшінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Қызылорда қаласы иеленді. Жарыс соңында қатысушыларға арнайы сыйлықтар беріліп, медальдар мен грамоталар табысталды.