Жастар – қоғамның қозғаушы күші
– Қазір жастарға мемлекет тарапынан қолдау ерекше. Елімізде жастар саясатының өрісті дамуы үшін түрлі бағдарламалар да қабылданды. Жастар, яки мына біздер үшін бүгінгі таңдағы басты мақсат – азаттығымыздың қадірін бағалап, жастар арасында ұлтжандылық қасиетті ояту. Біз осы мақсатта жұмыс атқарып келеміз.
Статистика бойынша Т.Рысқұлов ауданында 67 546 адам тұрады. Оның ішінде жастар – 20 960 адамды құрайды. Ол жалпы халықтың 30,2 пайызы деген сөз. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де штаттық кесте бойынша 26 қызметкер жұмыс жасайды. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі Жібек жолы көшесі, 106 мекенжайында орналасқан, — деді мекеме директоры біз қойған сауалға. Бұл бірінші сұраққа жауап.
Ал, енді екінші сауал. Жалпы, «Жастар ресурстық орталығы не тындырып жатыр?» дегенге келсек. 2024 жылдың 8 айында атқарылған тірлік көп. Ресурстық орталық мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы мүдделі жергілікті атқарушы органдармен, мекемелермен, білім ордаларымен бірлесе отырып, жоспарда белгіленген 11 бағыт бойынша 553 іс-шара өткізіпті. Осы іс-шараларға барлығы 17 605 жас қамтылған екен.
Одан бөлек, волонтерлік бағыт бойынша ауданда 163 іс-шара өткізіліпті. Еске сала кетейік, волонтерлік қозғалыс 7 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Сол 7 бағытта да жұмыс жүйелі жүргізілген. Нәтижесі қане дейтін болсаңыздар, ол да бар. Айталық, «Білім» бағытында – 25, «Сабақтастық» бағытында – 12, «Таза әлем» бағытында – 20, «Асыл мұра» бағытында – 11, «Саулық» бағытында – 42, «Үміт» бағытында – 10, «Қамқор» бағытында – 43 іс-шара өткізіліп, оған 2823 жас қамтылды.
Өткен іс-шараларды ryskulov_ jastary парақшасынан көріп біле аласыздар. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ерболат Жәдікке біз басқа да сауалдар қойдық. Соның ішінде «Әулиеата жастары» бағдарламасы жөнінде де сұрақ болды. Ол қойылған сауалдарға былай жауап берді.
– Өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылғанын жақсы білесіздер. Тұрар Рысқұлов ауданында бағдарламаға 14 жас өтінім беріп, 2 жас үй алды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да сөз қозғай кетейін. 2024 жылы аудандық бюджеттен 30 маманға көтерме жәрдемақыға 11,8 миллион қаражат бөлінген, 18 маманға көтерме жәрдемақы төленіп берілді. 15 маманға тұрғын үй сатып алуға жалпы сомасы 131, 2 миллион теңге бюджеттік кредит бөлінген. Қазіргі таңда 22 маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредитке кезекте тұр, – деді Ерболат Жәдік.
Марат Диханбай.