Бір кем дүние

105 Views

Күміс қоңыраулы еліктер
Бұл әңгімені жазу үшін алдымен Санжар Асфандияровпен сөйлесу керек. Ал оны табу қиын. Тағдыр оны қай жұлдызға апарып қоныстандырғанын оның өзінен басқа кім біледі? Аспан әлеміндегі рухтар ішінде Сталиннің оғынан о дүниеге аттанғандардың санын біліп болмайсың.
«Қай жұлдыздасың Санжар аға? Ертедегі қазақ тарихын қалай жазғаныңды білейін деп едім. Соның ішінде менің туған жерім – Мыңбұлақ туралы да айтыпсың».
Санжар аға тіл қатпады. Іздеп жүріп ол жазған кітапты әрең таптым.
Батыс Түрік қағанаты туралы айтылған еңбекті табу қиын. Қазір ондай құнды кітапты қайта басып шығаратын баспа да жоқ па, білмеймін.
Әйтеуір, іздеп жүріп, сұрап жүріп, жалынып жүріп әрең оқыдым-ау… Қасиетті, күн дидарлы Мыңбұлақ туралы, ондағы күміс қоңыраулы еліктер туралы… Бар екен!
… Біздің осы күнгі Түлкібас деп жүргеніміз шынында Түркібас. Батыс Түрік қағанаты кезінде Хан ордасы болған.
Сол Хан жаз жайлауын Мыңбұлақта (яғни қазіргі Жуалы) қоныстайды екен.
Санжар Асфандияров өз кітабында ерте замандағы, жетінші ғасырдағы Қытай саяхатшысының әңгімесін келтіреді. Саяхатшы, монах Сюан Цзин Тараз шаһарының оңтүстік-батысында, алпыс фарсах жерде Мыңбұлақ деген өлке жатыр. Ит мұрны батпас қалың орман. Ханның күміс қоңыраулы еліктері жайылып жүреді екен. Оларды өлтірген адам дарға асылады екен дейді…
Қазір сол Мыңбұлақта ол орман жоқ. Ең соңғы қалдығы өткен сұрапыл соғыс жылдарында отқа жағылып кеткен.
Сол Мыңбұлақтағы менің жерлестерім, кім біледі, сірә, сол қара орманды қалпына келтірер…
Кім біледі, біздікі арман, қиял ғой. Ал бәлкім, ондай есті ұрпақ табылып та қалар.
Бір кем дүние.

Киелі кіндік
Ертеректе қазақтар мемлекеттің орталығын, яғни астанасын кіндік қала деп атаған. Демек, ол бас қала деген сөз.
Ал адам кіндігінің маңызы қандай?
Анасының құрсағында жатқанда бала кіндік арқылы шешесімен жалғасып жатады. Әулие ақын Шәкәрім:
– Кіндігімді кесіп қинағанда
Анамнан кеттім алыстап, – дейтіні сондықтан.
Адам организміндегі ең асыл мүше. Оны жалаңаштап жүру – әсіресе, бойжеткен қыз балаға, болашақ анаға шексіз күнә.
… Автобус лық толы. Орындықта отырған сақал-шашы аппақ қудай қария кісінің қарсы алдында тұрған бойжеткен… Жалаңаш кіндік… Адамдар лықсып итергенде әлгі қарттың ауызына барып тірелді. Сонда ақсақал әлгі қызды дәл кіндігінен түйіп кеп жіберді.
Не болды?!
– Найсап! – деді. – Бала көрмей өтесің! – деді.
Сірә, айтқаны келетін шығар.
Мұндай қасіретке ұшырайтын әлгі байғұс қана ма екен?
Көп қой! Батыстың имансыз қылығына еліктеген ессіз көбелектер! Тозақ отына күйеді-ау…
Соны сезбейді ғой.
Қоғам қайда?
Ата-ана қайда?
Мектеп қайда?
Обал болды ғой.
Бір кем дүние.

Иман байлығы керек
Кедейді бай ету – сауап. Осы соңғы жиырма жылда талай-талай түсініксіз нәрселер, яғни жоқтан бар болып, кедейліктен бір-ақ секіріп бай болғандар көбейді.
Ал, бірақ байлығына сай иман көбейді ме? Өте сирек. Ілуде біреу. Олар ертегідегі бақа сияқты. Бастарына бақ қонады. Құс патшасы бүркіттің өзі барып оларға сәлем береді.
Сөйтсе де кедей бай болсам дейді. Бай құдай болсам дейді. Кесір-кесапаттың түбірі осы жерде жатыр.
Бізде дәл қазір осындайлар көп. Имандылар аз.
Ал енді азды көп қылу… Біз, қазақтар, әлі азбыз. Көбейетін ретіміз бар ма? Патша айтты, таяу жылдары жиырма миллионға жетеміз деп. Әлі сегіз миллионбыз. Шетелдегілерді қосқанда он екі миллион сияқтымыз.
Өсіп-өнудің бал-бұлағы ауыл еді… Ауыл да ақырзаман амалын үйреніп алды. Баланы құрсағында жатқанда құртады.
Абортқа тыйым салатын заң керек. Ол да адам өлтірумен бірдей. Жазасын алсын!
Ертеректе бойдақ салық деген болушы еді… Қазір жоқ білем. Бірақ бойдақтың да бойдағы бар. Әуелі себебін анықта.
Азды көп қылудың амалы: әуелі халыққа жағдай жаса. Көп жастар үйсіз-күйсіз.
Көп балалыны барынша көтермеле. Он бала, одан да көп табатындар бұрын көп еді. Заман өзгерді, өмір өзгерді. Халықтың басынан неше алуан зұлматтар өтті. Көп қырғыншық, ашаршылық, геноцидтер болды.
Дәл қәзір бейбітшілік, біршама түзік заманда, дана халық болсаң көбеюге тырыс.
Кім біледі, алдымызда әлдеқандай заман бар.
Алладан рахым тіле!
Әйтсе де Жасаған ием жақсыларға иман мен данышпандық қасиет берсін.
Бір кем дүние.

Асыранды кірпі
Батыстың телехабарларына қарап отырсаң – не жоқ, бәрі бар. Соның ішінде жабайы аң-құстар, жан-жануарлар туралы арнайы бағдарлама, арналар да бар.
Біз үйренер бір қасиеті – үйсіз, күйсіз қалған ит, мысық сияқты мақұлықтарды қорғайтын қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді.
Ал енді біздің жақта тәртіп сақшылары көшеде бұралқы ит көрсе атып тастайтынын көргенбіз.
Ертеректе, Мәскеуде оқып жүргенде, Виктор деген курстас жолдастың үйінде асыранды кірпіні көріп таң қалғаным бар. Сөйтсе кірпі қандала, тарақанға қырғидай тиеді екен. Қабырғасы қарағайдан соғылған ескі үйлерде қандала, тарақан көп болады. Кірпісі бар үйге ондай қансорғыштар жоламайды екен.
Тікенектері тікірейген кірпінің сол Виктордың үйінде тәрелкеден сүт ішіп жатқанын көріп едім.
Кірпіні киелі деуші еді, рас шығар. Қандала, тарақандар тасыраңдап кетсе, ол да зиян.
Бір кем дүние.

«Хассақ» дейді…
Бала кезімде естігенім есімде. Біздің Мыңбұлаққа көршілес, Күркүреу су бойындағы қырғыздарға бара қалсақ:
– Иә, хассақ бала, – деп қарсы алар еді.
Кейін-кейін, жол түсіп Моңғолияға барғанымызда:
– Хассақтар келді! – деп құшақтасты.
Ал біздің тарихшылар, оқымыстылар әлі күнге дейін «қазақ» деген сөздің төркінін дөп басып айта алмай, әр саққа жүгіртеді.
Ау, сонда бізді бір заманда «сақтар» «сақ» дегені рас қой. Ал енді «хас» деген сөздің мағынасы «нағыз», «анық», «шын» дегенге саяды. «Сақ» сөзімен біріксе – хас+сақ!
Мына бізбен ежелден аралас-құралас қырғыздар, моңғолдағы дүрбіт, ұрыңқай, халха, ойрат, бұйрат, маңғыттар бізді «хассақ» десе, солар өтірік айтпайтын шығар.
Ақиқатын бір Алла біледі. Әйтсе де ежелгі көршілер бекер сөйлемес.
Сондықтан аузы түкті қазақтармен шатаса бермей, хассақ болған абзал шығар.
Бір кем дүние.

Поделиться ссылкой: