Құланда кәсіптің көзін тапқандар көп

72 Views

Белгілі бір аймақта өндірілетін тауарлар мен өнімдердің түрі неғұрлым көп болса, экономикалық өсуі мен әл-ауқаты соғұрлым жоғары болады. Өткен жылғы Жолдаудың негізінде биылғы жылдың басынан бастап Т.Рысқұлов ауданында кәсіпкерлерден түскен 19 бизнес-жоспарды іске асыруға және жаңғырту жұмыстарына 16,1 миллиард теңге бағытталған.

Бұл инвестициялар негізінен кәсіпкерлердің өз қалтасынан берілсе, бір бөлігі орта және ірі бизнеске арналған субсидиялар арқылы, аз бөлігі шетелдік инвесторлардың үлесінен түсіп жатыр. Өндіріс бағыттары әртүрлі. Аудан ауыл шаруашылығына ыңғайлы болғандықтан, инвестициялар мал шаруашылығына, дәнді, майлы дақылдарды, мал азығын өсіруге көбірек бағытталған. Жаңа өндірістердің пайда болуы құрылыс саласын айрықша ынталандырып отыр. Себебі, құрылыс материалдарына деген қажеттілік күн санап артып келеді. Ал, кейбір кәсіпкерлер сұранысқа сүйене отырып, бетон бұйымдар, профнастиль шығаратын кәсіпорындар ашқан. Мысалы, ауданда бетоннан заттар шығаратын екі шағын зауыт жұмыс істейді, бір зауыт кірпіш шығарады, екіншісі профнастиль жасайды.
Мәселен, «Пенгар-1» ЖШС бетон бұйымдарын шығарады. Зауыт басшылардың өз инвестицияларына салынған және үш жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде тек құм блоктары шығарылды. Бірнеше ай бұрын брусчаткалар шығарыла бастады. Жақында қажетті құралдар жеткен соң бордюр жасауды да қолға алады. Қазір бұл зауытта үш адам жұмыс істейді. Негізгі өндіріс автоматтандырылғанына қарамастан, бастапқы материалдарды беру, дайын өнімді түсіру сияқты жұмыстар ішінара қолмен жүзеге асырылады. Жұмыс көп. Мұндағы жұмыстар уақыт пен төзімділікті қажет етеді. Сондықтан жұмысшылар ұзақ уақыт еңбек етуге шыдамсыздық танытып жатады. Сол себепті үнемі жаңа жұмысшы жалдап, оларға әрдайым жұмыс барысын түсіндіріп отыруға тура келеді. «Пенгар-1»-де орнатылған жабдықтың ерекшелігі – кірпішті қалыптау техникасы престеуге, яғни нығыздауға негізделген. «Пенгар-1» ЖШС өнімдері сапасымен ерекшеленетіндіктен және бағасы қолжетімді болғандықтан оған деген сұраныс тұрақты.
– Біз өз өнімдерімізді мұқият тексереміз, осы ауданда үйдің сыртына қоршау салу үшін өзіміздің тауарды қолданамыз. Сондықтан сапасына күмәнданбаймыз. Алғашқы сатып алушылары да өзіміз болдық. Біз брусчаткаларды есептемегенде күніне 3000-ға жуық құм блоктарын шығарамыз. Егер мерзім жағы қысылтаяң болса, онда максималды қуатты қосып күніне 5000 құм блоктарын жасай аламыз. Әрине, бұл көп жұмыс күшін қажет етеді. Өз өнімдерімізді Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткіземіз. Біз тасымалдау мәселелерін өзіміз шешеміз. Бұл үшін арнайы техника бар. Бірақ, негізгі сатып алушылар – біздің ауданның тұрғындары. Қазір құрылыс жұмыстары қызған шақ. Сондықтан бізге көп жұмыс істеуге тура келеді Өйткені, тапсырыс толастар емес және бір тапсырыс беруші кем дегенде 2000 құм блогын сұратады. Маусым кезінде жалақы жоғары болады. Жұмыс қиын, бірақ соның арқасында біз отбасымызды толық қамтамасыз етеміз. Оңай жұмыс жоқ. Өз еңбегімізбен тапқан ақшаның берекесі мол, – дейді зауыт менеджері Қанат Жұманов.
Серіктестік Луговой станциясының жанында орналасқан. Сондықтан кәсіпорынның логистикасы жақсы. Менеджер атап өткендей, қазір шикізатты жеткізу жұмыстарында біршама қиындықтар бар. Осыған байланысты жақын жерде орналасқан теміржол тұйығын тиімді пайдалану үшін зауытты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Аумақ толық тазаланады, қоймалар салынады, сондықтан шикізат қоры әрдайым қолжетімді болады және дайын өнімді сақтауға ыңғайлы орын әзірленбек.
Айтпақшы, қоймалар өндіріс көлемінің артуына байланысты бой көтеруде.
Құрылыс материалдарын өндіруден басқа, ауданда үш шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысады. Екі сүт фермасы халықтан сүт қабылдаумен, сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. 2022 жылдан бастап форель шаруашылығы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың соңына қарай кәсіпорын толық ашылады. Бір айдан кейін облыстағы алғашқы бөтелкедегі ауыз су зауыты іске қосылады. Құландық кәсіпкерлердің қошеметке бөленетін уақыты әлі алда.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.

Поделиться ссылкой: