«Достық» үйі – бірліктің бесігі

88 Views

«Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деп ұрпағына өшпес өсиет сөз қалдырған ата-бабаларымыз ықылым заманнан ынтымақ пен бірлікті, достықты, өзге ұлттармен өзара келісімді бәрінен де жоғары қойғандығы тарихтан белгілі. Бейбіт өмір сүруді көңілі кең, жүрегі дархан дана халқымыз ежелден-ақ құндылықтардың ең қымбаты, байлықтың ең бастауы деп санаған. Сондықтан да болар, Кеңес Одағы кезінде жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұратын Қазақстан «Халықтар достығының лабораториясы» деп дәріптелді. Бұл нағыз шындық болатын. Өйткені, қысылтаяң кезеңде туған өлкесінен қуылып, жер аударылған көптеген ұлттар қазақ топырағына келіп пана тапты. Пейілі даласындай кең халқымыз оларды жатсынбай құшақ жая қарсы алды. Бүтін бидайды бөліп жеді, жарты бидайды жарып жеді. Қолдарында барын арып-ашып келген адамдардың аузына тосты. Мұны олар да түсінді. Жүрек жылуы ерекше мол қазақ халқына құрметпен қарады. Қазір де солай.
Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам мерзім ішінде Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы құрылып, оның жергілікті жердегі бөлімшелері бейбіт қатар өмір сүру принципін берік ұстанып, жергілікті ұлтпен етене араласып кетті. Барлық өңірлерде ынтымақ пен бірлікті нығайтатын құрылымдар пайда болып, жемісті жұмыс істеп келеді. Мұны халқымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың есімін иеленген ауданның мысалынан да анық аңғаруға болады. Ондаған ұлттар мен ұлыстар тұратын ауданда 6 этномәдени орталық құрылып, жемісті жұмыс атқаруда. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған бұл орталықтар 2022 жылы кең де жарық, орталықтардың жемісті жұмыс істеуіне барлық жағдайлар жасалған, бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратына көшіріліп, оған «Достық үйі» деген атау берілді.
Десе дегендей-ақ, қазір бұл «Достық» үйінде қазақ, орыс, өзбек, қарашай, татар және неміс ұлттарының этномәдени орталықтары жұмыс істейді. Мәдени орталықтар өз ұлттарының салт-дәстүрлері мен мәдениетін және ән-жырын дәріптеп қана қоймайды, сонымен бірге жергілікті ұлттың өмір салтын үйреніп, ұстануға тырысады. Мұнда аптасына 3 рет өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту жөніндегі курс өтіп тұрады. Осыған орай жыл сайын мұнда мемлекеттік тілді оқыту жөнінде облыстық семинар өткізіледі. Достық үйіндегі жақсы жабдықталған мәжіліс залында түрлі семинар-кеңестер жиі өткізіліп тұрады.
Әсіресе «Достық» үйінің жанындағы этномәдени орталықтар өздерінің көркемөнерпаздар ұжымын құрып, халыққа мәдени қызмет көрсетуде ерекше белсенділік танытып келеді. Ауданда өткізілетін барлық мәдени іс-шараларға түгелдей қатысып отырады. Солардың ішінде ең алғашқы болып құрылған «Сударушка» орыс халықтық фольклорлық ансамблін ерекше атап өтуге болады.
Халықтық фольклорлық ансамбліне жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін 2004 жылы «Халықтық» атағы берілді. Өнер ұжымы аудан көлемінде өткізілетін барлық мерекелерде мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірлесе отырып, өз өнерлерімен көрермен қауымды қуанышқа бөлеп келеді.
Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі жанында жұмыс істейтін орыс ұлттық мәдени орталығының негізінде құрылған ансамбль тек қана орыс халқының өнері мен мәдениетін насихаттап қоймай, сонымен бірге ауданда тұратын өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері мен өнерлерін репертуарына молынан енгізіп, халықтар достығын нығайтуға сүбелі үлестерін қосып отыр.
Аудандағы орыс ұлтының егде тартқан өкілдерінен құралған ансамбль өздері шаңырақ көтерген 1997 жылы үлкен энтузиястық бастамамен ақы-пұлсыз қоғамдық негізде жұмыс істей бастаған болатын. Өнерге жаны құштар Зоя Александровна Апостолова, Полина Константиновна Кротер, Раиса Петровна Третьякова, Татьяна Владимировна Селепей, Надежда Александровна Хомяк, Любовь Николаевна Герасимова және Юлия Париева сынды орыстың фольклорлық жырлары мен әндерін жете меңгерген туа бітті әншілер өнер ұжымының аяғынан тік тұруына барлық таланттарын жұмсады.
Ұлттық аспап – гормонды құйқылжыта ойнайтын Иван Иванович Макаров жаңадан құрылған өнер ұжымының репертуарының күн санап байып, шеберліктерінің шыңдала түсуіне жастайынан жинақтаған фольклорлық әндерді орындаудағы білгенін үйретуден жалыққан емес. Ұлттық орталықтың жетекшісі, қай істі болмасын жанын сала асқан жауапкершілікпен атқаратын елгезек жан Любовь Павловна Левицкая ансамбльдің әрбір мүшесінің киім киісі мен орындау шеберлігіне баса назар аударып, ансамбльдің концертмейстері болды десек, қателеспейміз. Ынтымағы жарасқан ұжым мүшелері ешкімге жалтақтап көмек сұрамай-ақ, ортадан қаражат шығарып, ұлттық сахналық киімдерін өздері тіктіргендігіне қалайша тәнті болмайсың. Ансамбль алғаш осындай күйде құрылған болатын. 

Бертін келе тіпті аудандағы барлық мәдени іс-шаралар «Сударушканың» қатысуынсыз өтпейтін болды. Әрбір мереке сайын орыс ұлтының ұлттық нақышында киініп, аспаптарын қолдарына ұстап сахна төріне шыққанда мерекелік шараны гүлдендіріп жіберетін дәрежеге жетті. Олардың осындай жетістігін байқаған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Дүйсен Бықыбаев арнайы штат бірліктерін бөліп, оларға материалдық қолдау көрсетті. Осының арқасында фольклорлық өнерпаздар 6 мәрте «Халықтық» атағын жеңіп алып, оны осы күнге дейін қолдан шығармай келеді. Бүгінгі таңда жоғары білімді маман Елена Владимировна Промогайбо ансамбльге музыкалық жетекшілік етіп, олардың шеберліктерінің шыңдала түсуіне бар талантын жұмсауда. Ал, баянда ойнаушы Амандық Қадыров бар тәжірибесін ұлттық нақышты жетілдіруге арнады. Қазір ансамбль музыкалық сүйемелдеуді жаңаша тәсілмен жүргізуді қолға алуда.
Орыс ұлттық мәдени орталығының жетекшісі әрі «Достық» үйінің меңгерушісі Любовь Павловна Левицкая бүгінгі таңда ансамбль мүшелері қазақ әндерін орындауға ерекше назар аударып отыр. Осы мақсатпен репертуарымызға жергілікті ұлттың халық әндері мен қазақ композиторларының көпке танымал әндерін көбірек енгізіп отырмыз. Мұның өзі ұлтаралық қатынас пен халықтар достығын нығайта түсетіндігі кәміл. Ауданда жаңадан ашылған «Достық үйі» де біздің игілігімізге берілді. Атына заты сай мұнда бірлікті бекемдеп, достықты бекіте түсетін түрлі іс-шаралар өткізуге және жан-жақты дайындық жасауға толық мүмкіндік бар. Осының арқасында Эльмира Асылбекова жетекшілік ететін Қабардин – Балқар этномәдени орталығының «Эльбрус» халықтық фольклорлық би ансамблі ерекше өнерлерімен көзге түсіп, «Халықтық» атағын жеңіп алды.
Бүгінгі таңда «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі мен Қабардина – Балқардың «Эльбурс» халықтық фольклорлық би ансамблі жаңа репертуар бағдарламасын дайындау жолында аянбай еңбек етуде.

Тұрсынхан Жаманбаев, ардагер журналист.

Поделиться ссылкой: