Көгершін ауылдық округі әкімі лауазымына үміткер Ғабит Жүнісбекұлы Қартанбаевтың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

27 Views

Көгершін ауылдық округі әкімі лауазымына үміткер Ғабит Жүнісбекұлы
Қартанбаевтың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

өмірбаяны
Қартанбаев Ғабит Жүнісбекұлы 1989 жылдың 30 қазанында Көгершін ауылында дүниеге келген. 2011 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Құқықтану», 2014 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2012 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар орталығы» КММ-сінде жастар тәжірибесімен бастаған. 2012-2014 жылдар аралығында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар орталығы» КММ-нің маманы, 2014-2018 жылдары аралығында Көгершін ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 2018-2019 жылдар аралығында Көгершін ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып еңбек еткен.
2020-2021 жылдар аралығында Құлан ауылдық округі әкімі аппаратында ақылы қоғамдық жұмысшы, 2022-2023 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің статист маманы болып қызмет атқарды.
2023 жылдың 19 қазанынан бастап, қазіргі уақытқа дейін Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып еңбек етуде.
Сайлауалды
бағдарламасы
Құрметті Көгершін ауылының тұрғындары! Алаш арысы Смағұл Сәдуақасұлы «Мемлекеттік қызметте әуелі – ұлтқа деген жанашырлық басты құндылық болу керек» деген екен. Мен Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектебінде білім алып, Алматыдағы ең іргелі оқу ошағының бірегейі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетті тәмамдадым. Бала жасымнан білімге құштар болдым. Жоғары оқу орнын бітіріп, алғашқы еңбек жолымды да қалада қалмай, ауылдан бастадым. Жалпы еңбек өтілім 10 жылдан асып барады. «Жас келсе – іске!» дейді қарға тамырлы қазақ. Осы жылдарда жинаған тәжірибемді сарқа жұмсап, еңбек ететін кез келді деп, Көгершін ауылдық округі әкімінің сайлауына кандидатурамды ұсынып, сайлауалды бағларламамды сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.
Қадірлі ауыл тұрғындары! Біздің ауылдың даңқы атақты Абсент арқылы айдай әлемге танылды. Біз секілді бастамашыл жастар осы даңқтың атына қылаудай дақ түсірмей, оны керісінше, одан ары қарай шарықтатуы керек деп есептеймін.
Егер мен Көгершін ауыл­дық округі­нің әкімі лауазымына сайланған жағдайда ауылдың әлеумет­тік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласа отырып, ауыл тұрғындарының мәдениетін, салт-дәстүрі мен тілін дамытуға, ауылға лайықты қоғамдық тәртіптің орнығуына өз үлесімді қосатын боламын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдау­ларын ауыл тұрғындары арасында насихаттай отырып, Жолдауда көрсетілген мәселелерді ауылда жүзеге асыруға үлес қосамын. Ауылдық округтегі кәсіпкерлікті дамыта отырып, жергілікті салықтардан түсетін кіріс көздерін ауылдағы қауымдастық кеңес және ардагерлер кеңесінің мүшелерімен ақылдаса отырып, қажетті шаруаға жұмсау, ауылдың жағдайын ары қарай жақсарту үшін бар күш-жігерімді салсам деген ниетім бар.
Ауылішілк көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығын дамытуға, мемлекет тарапынан берілетін барлық жеңілдіктер мен қаржылай қолдауға шаруа қожалықтарының қолжетімдігін қамтамасыз етуге, ауылда қоғамдық тәртіптің сақталуына, ауыл жастарының тәрбиесі бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуге ықпат ететін боламын.
Сондай-ақ, ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, қазыналы қарттарға, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы аналарға әлеуметтік және қайырымдылық көмек көрсетуге, алдағы уақытта ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымының дамуына, атқарылып жатқан өзге де саяси бағыттардың жүзеге асуына үлес қосу – басты қағидаларымның бірі болмақ.
Қазір көптеген ауылдарда жайылымдық жер мәселесі өзекті тақырыптардың бірі. Біздің ауылда да ол проблема бар. Осы мәселені зерделеп, оң шешімін табуына ықпал етсем деймін. Қорыта айтқанда, менің алға қойған басты міндетім – ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыта отырып, келешекте одан ары көркейіп гүлденуіне барынша өз үлесімді қосу.
Құрметті сайлаушылар! Жаһандық даму үдерісінде ғылыми технология қарыштап дамып жатыр. Оның бәрін жастар жақсы біледі. Осы жолы мен сіздерге сеніп отырмын. Бәріміздің көздегеніміз – ауылдың дамуы. 24-ші қарашада маған дауыс беріңіздер! Мен сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын.

Поделиться ссылкой: