Алма жемегеніме 7 жыл болды

55 Views

Оқып, көзіме жас алдым.
Әкем қатты қартаймаған да еді. Сырқаттанып, ақырында төсек тартып жатып қалды. Бауырларымыз бәріміз кезек-кезек қарап тұратын болдық. Әкемнің ет пен сүйектері бір-біріне жабысып, қатты азып кетті. Асқазанына ауыр тимеуі үшін жеңіл-желпі тағамдар мен сусындар беріп тұрдық.
Арада айлар өтті. Бір күні әкем мені қасына шақырып, алма жегісі келгендігін айтты. Күннің суықтығынан ерініп, алып келмедім. Алма сұрағаны есінен шығып кеткен шығар деп ойладым. Күндер өте берді. Оның орнына қыс мезгіліне арналып дайындалған шие қайнатпасын әкеп бердім. Ішпеді. Қолымен кері итеріп, дәмін де татпады. Алма менің есімнен шығып кеткен де еді. Бірақ әкемнің есінен шықпаған екен.Сол күні ақшам намазынан кейін жаны қинала бастады. Бәріміз жылап-сықтап маңайында шоғырланып отырмыз. Анам әкемнің маңдайынан аққан тер тамшыларын ақ шыт орамалмен дембе-дем сүртіп отыр. Әкем көздерін менен үзбей қарап тұр. Қасына жақын келіп сұрадым: «Әке не берейін? Не болды?» – дедім.
Әкем «Алма жегім келгені, бірақ енді керек емес…», – деді ыңырсып. Тамағыма тас тығылып, жүрегім езіліп, әкемнің түріне қарай да алмай қалдым. Өліммен әбден арпалысқан әкемнің жаны таңға жақын бірақ үзілді.
Содан бері алма көрсем болды өзімді жоғалтқандай сезініп тұрамын. «Сол алманы әкеп берсем, өлмес те едім ғой, ештеңем де кетпес еді. Алманы жемесе де шырынын ішер еді ғой…» Әр кез көңілімде осы сөздер қайталана береді. Пайдасы жоқ екендігін де білемін. Амал нешік, есіме түссе қабырғам қайысады.
Алма жемегеніме жеті жыл болды. Бұдан кейін де жемейтін шығармын. Өйткені, алма көрсем болды жәудіреп кеткен әкемнің бейнесі көз алдыма келе береді. Әй, әкесі, анасы бар бауырлар! Көзіңізді ашыңыз, әке-шешелеріңізге тірі кездерінде жақсылық жасаңыздар! Кейін кеш болады.

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: