Көк байрақтың авторына арналды
Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде орналасқан коворкинг орталығында мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтың туылғанына 80 жыл толуына байланысты дөңгелек үстел болып өтті. Мәнді де, мағыналы басқосу «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық кітапхана мен архив қызметкерлерінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған болатын. Сондықтан да алғашқы сөз кезегі ұйымдас тырушылардың бірі, аудандық архивтың директоры Серіккүл Нұрқалиқызына берілді. Архив басшысы Шәкен Оңалсынұлының есімі еліміздің мәдени тарихында мәңгілік алтын әріптермен жазылатынын жеткізді.
Дөңгелек үстел барысында Асыл Етекбаева, Гүлмира Жаманбаева, Фарида Тасболатова сынды архив пен кітапхана қызметкерлері суретшінің марапаттары, өмірі, жеткен жетістіктері, еңбектері жайында жинақтаған мағлұматтарымен бөлісті. Келген қонақтар да көк байрағымыздың авторы Шәкен Ниязбеков жайында көптеген әсерлі сөздер айтып, халық құрметіне бөленген суретшінің өнеріне жоғары баға берді.
Жиын соңында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Нұрсұлу Топатаева қелген қонақтарға алғысын жаудырды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.