«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – балалардың білімін жетілдіретін кешенді жоба

31 Views

Білім беру саласында жаңа кезең басталып, тәрбие жүйесіне тың серпін берген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы еліміздің әр өңірінде жүзеге асырылып келеді. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары мен ұстаздары да бұл бағдарламаны табысты түрде жүзеге асырып, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың жаңа жолдарын ашуда.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – бұл тек қана балалардың біліміне емес, олардың рухани, мәдени дамуына да ерекше назар аударатын кешенді жоба. Бағдарлама мақсаты – ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, тәрбиенің қазіргі заманға сай, әлемдік талаптарға жауап беретін жүйесін қалыптастыру. Мұндағы басты қағидаттар – әділдік, жауапкершілік. Бұл құндылықтар тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың да рухани жаңғыруының кепілі болмақ.
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінде осы бағдарламаны енгізу арқылы оқушылардың тәрбиесі мен дамуында түбегейлі өзгерістер байқалады. Мектеп қабырғасында өткен тәрбие жұмыстарында ұлттық әдеп-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің жаңғыртылуы оқушылардың өз ұлтына деген мақтаныш сезімін оятады. Мысалы, балалар арасында өткізілген ұлттық ойындар мен байқаулар, қазақ халқының тарихи тұлғаларына арналған ғылыми конференциялар, әдеби кештер оқушылардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, терең білім алуға ынталандырады. Тәрбие жұмысы тек мектептің ішкі іс-шараларымен шектелмей, оқушыларды қоғамдық өмірге белсене араласуға, жауапкершілік сезімін дамытуға, әділдікке, адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған.
Бұл бағдарлама ұрпақтың санасына әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды сіңіріп, Қазақстанның болашағы үшін жауапты тұлғаларды тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Тек қана білім арқылы біз өркениетті мемлекет құру жолында жаңа биіктерге жете аламыз.

Ақжан Улухманова,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий