«Хрусталь»
Жуыр «Almaty Film Festival» халықаралық кинофестивалі өтті. Фестивалге Француз продюсерлері Пьер Спенглер және Марк Рускар, неміс актрисасы Настасья Кински, кинопродюсер Гүлнәр Сәрсенова, Ресейлік режиссер әрі продюсер Сергей Бодров және «Almaty Film Festival» кинофестивалінің президенті, еліміздің танымал кинорежиссері Ақан Сатаев төрелік етті.
Фестивальдің бас жүлдесін Белорус кинорежиссері Дарья Жуктың «Хрусталь» фильмі иеленді. Ресей, Белорусия, АҚШ, Германия елдері бірлесіп түсірген туынды Минскіде және Борисовтағы хрусталь зауытының аумағында түсірілген. Фильм терең және эстетикалық белгілерді астарлы және әдемі көрсетіп, оның нәзік мәнін ашқан, өсіп жатқан шырмауық секілді дүние. Басты кейіпкер Эвилина виза алып, Америкаға барып сол жақта өзіне ұнаған ісін істеуге және жаңа өмір бастауды, тәуелсіз болуды армандайды. Ол анасынан ұялмай ақша ұрлап, күнін өткізіп күйкі тіршілікпен өмір сүреді. Анасы мұражайда экскурсовод болып, Ұлы Отан соғысы туралы әңгімелейді, ал үйде медитация мен йогамен айналысады. Виза алу үшін басты кейіпкер Хрустальный кенттіне барып жергілікті тұрғындармен байланысқа шығады. Ондағы тұрғындардың қиын өмірін өз қалаулары болмаған соң шыдап өмір сүргендерін көреді. Кейбір сәтте картинадан комедиялық флер буланып, экрандағы оқиғалар абсурд драмалық сипатқа ие болса да, соңында оптимизмді көреміз. Фильмде таспаның техникалық жағынан ақауы бар. Атап айтсам 90-шы жылдардың стилі толықтай қамтамасыз етілмегенімен, заманауи өмірдің керемет объектілері бар. Сонымен қатар, кейбір диалогтарда кейіпкерлердің сөздерін талқылау қиынға соқты, бірақ диалогтар әрине қисынды естілді және барлық репликалар орынды болды. Бұл фильмнің басты артықшылығы, мен үшін кейіпкерлер болды. Түсірілім тобы ынта-жігермен жаңа идеяны көрерменге ұсынып, Беларусь кинематографиясының болашағы бар екенін көрсетті.
Дәуір Бекқұлы,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы,
Кинотану ІІ курс студенті.