Ауданда алғаш рет тауарлық несие берілді

232 Views

Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған тауарлық несие бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамытуға және халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған. Аудан әкімі Ернар Есіркепов халықпен кездесу жиындарында бүгінде ауыл шаруашылығы иелерімен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын айтып, бұл бағыттағы жұмыстар жуық арада басталатынын жеткізген еді. Араға аз ғана уақыт салып, ауданда алғаш рет бағдарлама аясында ауыл азаматтарына қой үлестірілді.Белсенділік танытқандар қатарында «Бай Алғабас» және «Сұлтан би» шаруа қожалықтары бар. Олар әрқайсысы 50-50-ден жалпы саны 100 қой беріп, ауыл тұрғындарына үлкен қолдау көрсетті.
Құмарық ауылының тұрғыны, «Бай Алғабас» шаруа қожалығының басшысы Арылбек Қораласбаев бұл баянды бастаманы қолдайтынын айтып, өзге де шаруаларды осы бір ілкімді іске қосылуға шақырды. Қожалық иесінің пікірінше, бұл бір жағынан қос тарапқа тиімді болса, екінші жағынан – сауапты іс. Бағдарлама ауыл халқы үшін үлкен көмек. Ең бастысы, екі тарап арасында делдал жоқ. Келісім де несие беруші мен алушы арасында өзара жүргізіледі.
Шарт бойынша несие алушы төлін ғана беріп, малды екі еселеп қайтаруы тиіс. Яғни 50 қой алса,100 қозы беруге міндетті. Ол үшін 5 жыл уақыт беріледі. Оның алғашқысы демалыс. Шаруалардан қой алған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қос азамат «Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан мұндай бағдарламалардың саны артып, жомарт азаматтар көбейсе екен?..» дейді. Тіпті алған малы өсіп-өніп жатса, кейін өздері де өзгелерге көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді. Көп балалы әке Қанат Мәткерімовке несие берген «Сұлтан би» шаруа қожалығының иесі Қажымұрат Жаттоевта ауданға белгілі кәсіпкер. Агросала мамандары арасында өзіндік орны бар азамат ауылдасының бастаған ісіне сәттілік пен береке тіледі. Бұл бағдарлама мал шаруашылығын дамытумен қатар ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға, өзін-өзі қамтитын шағын шаруашылықтардың қалыптасуына ықпал етеді. Бұл бастама ауданымызда алғаш рет жүзеге асқанымен алдағы уақытта ауқымы кеңейіп, басқа ауылдарға да тарайды деген сенімдеміз.

Жәнібек Базылбек. 

Поделиться ссылкой: