Жұмысшы мамандықтар – жоғары сұраныста
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды еліміздегі «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.
Бұл бастама еліміздегі жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды дамытуға, сондай-ақ, жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға көмектеседі. Еліміздегі кәсіби білім беру жүйесін қайта қарауға және жұмысшы мамандықтар бойынша оқытуды күшейтуге септігін тигізетіні анық. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде өзгерістер енгізу қажеттігі байқалып отыр. Биыл оқу орындарында жұмысшы мамандықтарды меңгеруге арналған бағдарламалар күшейтілмек. Яғни «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында түрлі науқандар ұйымдастырылатын болады. Бұл іс-шараларда осы мамандықтардың қоғамдағы рөлі мен маңызы кеңінен түсіндіріледі. Мұндай шаралар жастарды техникалық мамандықтарға қызықтыруға, сондай-ақ, білім мен тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының маңызды секторларының бірі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу процесінде жоғары білікті мамандардың рөлі зор. Осы қажеттілікті ескере отырып, ауданымыздағы Құлан агротехникалық жоғары колледжі еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып келеді. Бұл оқу ордасының басты мақсаты – ауыл шаруашылығының әртүрлі бағыттары бойынша жұмысшы мамандықтарын меңгерген мамандарды даярлау, оларды өндірістік тәжірибемен қамтамасыз ету. Құлан агротехникалық жоғары колледжі жастарға ауыл шаруашылығы саласының маңыздылығын түсіндіре отырып, ауыл шаруашылығында жаңа ұрпақтың білімді әрі білікті мамандарының жұмыс істеуіне негіз қалап отыр. Колледж студенттері қажетті дағдыларды меңгеріп, кәсіби мамандар ретінде еңбек нарығына жолдама алуда.
Қазақстанда өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салаларда жұмысшы мамандықтарының сұранысы жылдан жылға артуда. Бұл ең алдымен елімізде жаңа өндірістердің ашылуымен, инфрақұрылымның дамып, жаңаруы мен қазіргі заманғы технологиялардың енгізілуімен байланысты. Жұмысшы мамандықтар саласында жұмыс істейтін азаматтар еліміздің экономикалық дамуының негізін құрайды. Себебі өнеркәсіптен бастап құрылыс саласына дейінгі барлық салалар жұмысшы кадрларға тәуелді. Бұл мамандықтар елдің өндірістік әлеуетін қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жұмысшы мамандықтары туралы сөз қозғағанда, тек олардың техникалық дағдыларын емес, сонымен қатар олардың еңбегінің маңыздылығын да ерекше атап өту керек. Мысалы өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да маңызды салалардағы мамандар өз саласында жоғары біліктілік пен тәжірибені қажет етеді. Олар тек техникалық дағдыларды меңгеріп қана қоймай, әртүрлі өндірістік қиындықтарға тап болып, оларды шешуде ерекше кәсібилік танытады. Сондықтан қазіргі уақыттан бастап жастарды жұмысшы мамандықтарын меңгеруге ынталандырып, білікті жұмысшылар қатарына қосуымыз қажет. Жастарға жұмысшы мамандықтарын игеру үшін қолайлы жағдайлар жасап, олардың болашағын жарқын етуге мүмкіндік беру – бүгінгі күннің басты міндеті. Еліміздің өркендеуі үшін жастарды еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар ретінде қалыптастыруымыз қажет. Бұл тек жұмыссыздық мәселесін шешіп қана қоймай, сондай-ақ, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге де септігін тигізеді. Ал жұмысшы мамандықтарын меңгерген жастар еліміздің алға жылжуына үлкен үлес қосып, өздерінің және қоғамның әл-ауқатын арттыратын болады.
Әбіләшім Мырқасымов,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі директорының орынбасары.