Қор қаражатын 5 000 000-ға ұлғайтты

121 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсау керегін айтып, көрпеге қарай көсілетін уақыт келгенін жеткізген болатын. Адалын айту керек, бүгінде аудан әкімдігі мен кәсіпкерлер бірігіп, бұл тұрғыда тиімді тетіктерді таба алған секілді.
Мәселен, өткен жылы «GOLDEN COMPASS CAPITAL» АҚ-ы 10 000 000 теңге қаражатын «ҚҰЛАН-ҚАЗЫНА» қайырымдылық қорына бөліп, Жарлысудағы ауыз суға байланысты туындаған өзекті мәселенің шешілуіне себеп болған. Сондай-ақ, аталмыш қорға «Қауымбаев» жеке кәсіпкерлігі, «Ақтоған» және «Шәушен» шаруа қожалықтары, «Байсын» ЖШС-і қомақты қаражат құйған. Енді міне, игілікті істі жалғастырушы жомарт жандардың қатары көбейіп, жақында ғана жеке кәсіпкер, жетінші шақырылымның депутаты болған Нұрлан Беркімбаев та өз отбасының атынан 5 000 000 теңге қаражатын аударып, өзге кәсіпкерлерге үлгі-өнеге көрсетті.
Аталмыш қаражатты қор жетекшісі Бейсенбек Әлпейісов қабыл алып, қомақты қаражат бюджет бөлуге сай келмейтін, бірақ шешілуі тиіс мәселелердің түйінін тарқатуға жұмсалатынын айтты.
Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген тәмсіл бар. Аудан үшін аянбай, қолдағы барын аямайтын Нұрлан Бекмұратұлы секілді азаматтардың қатары көбейе берсін деген ниеттеміз.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: