Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады

113 Views

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жоғары аудиторлық палатаның былтыр атқарған қызметінің қорытын­дылары мен осы жылға арналған жоспары жөнінде мәлімет берілді.
Президентке былтыр 214 нысанда құны шама­мен 11 триллион теңгені құрайтын 27 аудиторлық іс-шара өткізілгені туралы баяндалды. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 862 миллиард теңге болатын түрлі нормалардың бұзылғаны анықталды. Тексерістердің қорытындысы бойынша бюджетке 135 миллиард теңге қайтарылды. Бұл 2023 жылы өтелген қаржыдан бес есе артық.
Мемлекет басшысына құрылыс нысан­дарын­дағы баға қалыптастыру, өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығын субсидиялау ісінде олқылықтар үнемі байқалатыны айтылды.
Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған заң бұзушылықты жою үшін Үкіметке ұсыным беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нұсқама жолдаған.
Әлихан Смайылов биыл 40-тан астам ауди­­торлық іс-шара өткізу жоспарланғанын жет­кізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойын­ша Астана және Алматы қалалары, Сол­түстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыс­тары, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорыны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалуы тексеріледі. Сонымен қатар ғылым, қорғаныс, құқықтық тәр­тіпті сақтау, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету, орман шаруашылығы салаларында аудиторлық тексе­рістер жүргізіледі.
Кездесу соңында Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар бюджет қаржысының игерілуін тиімді бақылау үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызына назар аударды.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: