Ақыртөбелік Абдимутал Халматов лимон мен банан өсіруде

118 Views

Бұл мақала осыдан бір ай бұрын жазылуы керек болған негізі. Алайда газет жұмысынан хабары бар адамдар біледі, сондықтан анау-мынау деп көбік сөзді көбейтпей-ақ, сөздің қысқасы әрі нұсқасы ретінде жазып өтейік. Осыдан бір ай бұрын жазылып, жариялануы керек болған мақаламыз газеттің осы нөмірінде дайын болып отыр.

Жалпы осы мақаланы жазарда көп ойландым. Оқырманға жеткізудің әдісін ойлап, біраз күн ой үстінде жүрдім. Негізі сол ақпанның басы болғанда, жолсапар түрінде жазғым келген. Өйткені біз сол күні Ақыртөбеге барғанда қар жауып, күн суытқан еді. Қазір күннің райын көріп отырсыздар. Сондықтан жазудың басқа формасын табуға тура келді. Және ойымдағыдай шыққан да секілді…
Қазір жатпай-тұрмай еңбек етемін деген адамға мүмкіндіктің бәрі бар. «Анау жоқ, мынау жоқ» дегеннің бәрі сылтау меніңше. Өз кәсібін дөңгелетіп, адал еңбекпен – адал ақша тауып жүрген адамдарды журналистикада еңбек етіп жүріп, көп кезіктірдім. Соның бірі – Ақыртөбе ауылында дүниеге келіп, құқық қорғау саласында 29 жыл еңбек етіп зейнетке шыққан, отставкадағы полковник Абдимутал Халматов. Жайшылықта әскери салада болмаса құқық қорғау органдарында қызмет істеген адамдардың түрлері суықтау көрінетіні бар ғой. Мен Абдимутал Халматовпен сөйлесіп, әңгімелесіп жүріп, оның адамға жанашыр, еңбекқор, содан соң өзгелер ұқсап көп мақтанғанды, мақтағанды да құп көре бермейтін азамат екенін байқадым. Жаза берсек, өзім байқаған қасиеттер көп ол кісіде. Енді ол жасап жатқан тірлікті сөз етейік.
Абдимутал Халматов өзі туып өскен ауылда, яғни Ақыртөбе ауылында жылыжай салып, онда көптеген көкөністерден бөлек, лимон, банан, апельсин, гранат өсетін жеміс ағаштарының көшеттерін егіп, одан тіпті пайда да тауып, көпке үлгі болып отырған азамат. Кейіпкеріміздің жасы – 69-да. «Рико» деген шаруа қожалық та құрған екен. Өзі соның жетекшісі. Енді шаруа қожалық болған соң, онда мал басының болуы да түсінікті жайт қой. Қазіргі таңда «Рико» шаруа қожалығының жетекшісі Абдимутал Халматов өзінің қожалығында 58 жылқы, 72 қой, 4 бұқа барын айтады. Өзінің айтуынша, жылыжайдың қаншалықты тиімді екенін көп зерттеген екен. Сөйтіп оның пайдасы ұшан-теңіз екенін білген Абдимутал Халматов бірден іске кірісіп, жылыжай соққан. Алғашында қызанақ, қияр ексе, кейіннен лимон, банан, апельсин, гранат егуді де қолған алған көрінеді.
Жылыжай аумағы 65×10, яғни ұзындығы 65 метр, көлемі 10 метр, жалпы аумағы 650 метр қашықтықты құрайды. Осы істі 2018 жылы бастаған екен. Қазіргі таңда Абдимутал Халматов өсірген лимон мен бананға сұраныс өте жоғары. Базарға шығармай-ақ, ауыл халқының өздері-ақ, лимонды жапа тармағай сатып алады екен. 69 жастағы бағбан алдағы уақытта тағы бір жылыжай соғуды жоспарлап отыр.
Бір түп лимон ағашынан 70 келіге дейін өнім алуға болады екен. Негізінен лимон ағашы бір жылда екі рет гүлдейтін көрінеді. Ал, Абдимутал Халматовтың жылыжайындағы лимон ағашы 2024 жылы 4 рет гүлдепті. Лимонның келісі 1200-1500 теңгеден сатылады екен. Ал банан 2 жылдан кейін өнім береді екен. Биыл ол еккен банан да өнім беру керек. Өйткені көшетті отырғызғанына 1 жылдан асып кетіпті.
– Жылыжайдағы әрбір өсімдік ерекше күтімді қажет етеді. Тропикалық жемістердің жайқалып өсуі үшін жылыжайда арнайы жағдай жасалуы керек. Ол бізде толықтай жасалған. Лимон мен банан тек дәмді ғана емес, денсаулыққа да пайдалы. Лимон ағзаны зиянды токсиндерден тазартып, иммунитетті күшейтсе, банан жүрек саулығын жақсартып, адамға қосымша қуат береді. Бұл жұмыс шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Бірақ түрлі қиындыққа қарамастан, жастарды осы кәсіпке баулуға әркез дайынмын. Жылыжай жұмысына қызығатын жасөспірімдерге өз тәжірибеммен бөлісіп, ауыл шаруашылығының маңыздылығын түсіндіруге қашанда даярмын. Біле білгенге, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ету – табыс көзі ғана емес, туған жерге деген қамқорлықтың белгісі, – дейді Абдимутал Халматов.
2 ұл, 2 қызынан 13 немере сүйіп отырған 69 жастағы Абдимутал Халматов зейнетке шықса да, құр қол қусырып қарап отырған жоқ. Бәзбіреулер ұқсап, ананы-мынаны сөз етіп, құр далбасалап, мемлекеттік қызметтегі адамдарды жамандай бермей, әлеуметтік желінің мүмкіндігін қажетіне жаратып, осылайша ауылына үлгі болып отыр. Осындай жақсы адамдарды көргенде ішің жылып қоя береді. Абдимутал Халматовтың еңбекқорлығы өзгелерге де үлгі болса дейміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: