Өз ана тіліңді білмесең, мәдениетті адам да бола алмайсың

80 Views

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қаты­нас­тардың барлық саласына қолда­ныла­тын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүр­гізу тілі.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табыла­тын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азама­ты­ның парызы.
Мемлекеттік органдардың акті­лері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады. Қажет болған жағдайда, мүм­кін­дігінше, басқа тілдерге ауда­рылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін.
Сот ісі бүгінгі күні қазақ тілінде және орыс тілінде қаралады.
Қазақстан Республикасының Аза­мат­тық іс жүргізу кодексінің 14 бабы­ның талабы бойынша сот ісін жүргізу тілі қамтамасыз етіледі.
Азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады.
Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Белгілі бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындық барысында талапкердің өз өкілі талап-арыз берген тілді біл­мейтіндігі анықталса, онда сот талап­кердің жазбаша өтініш хаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Іс жүргізіп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жа­сау, түсініктер мен жауап беру, өті­ніш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөй­леу, аудармашының қызметін тегін пайда­лану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.
Азаматтық сот ісін жүргізуге қаты­сушы адамдарға басқа тілде жазылған істің заң бойынша қажетті іс материалдарының сот ісін жүргізу тіліне сот тегін аударып беруді қам­тамасыз етеді. Сот процесіне қатысу­шы адамдарға сотта сөйленген сөз­дің басқа тілде айтылған бөлігін ісін жүргізу тіліне аударып беру қамта­масыз етіледі.
Сот құжаттары іске қатысушы адам­дарға олардың ана тіліне немесе олар білетін басқа тілге аударылып беріледі.
Осы жоғарыда келтірілген заң тәр­тібі бойынша талап қоюшының қалауы бойынша сотқа азамат пен заңды тұлғаның талап арызды немесе арызды қазақша беруі осы Кодекстің 14 бабының 2 бөлігі бойынша сот ісін жүргізу тілін анықтауға негіз болады.
Егеменді елдің бір белесі – мем­лекеттік қазақ тілі. Осы ел белесін жоғары деңгейде ұстау үшін мем­ле­кеттік органдармен қатар сот жүйе­сінде мемлекеттік қазақ тілін игеруге қосар үлесіміз зор деп есептеймін.

Ж.Баймендиев, аудандық сот әкімшісінің басшысы.

Поделиться ссылкой: