Аналар форумында ауқымды ойлар айтылды

117 Views

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, аудандағы әр салада жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты. Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары аудан орталығында ұйымдастырылған Аналар форумына қатысты. 

Жаратылысынан ұрпақ жалғап, бала бойына тәрбиенің нәрін құю міндеті жүктелген аналарға арналған алқалы жиын мәнерлі өлеңмен басталды. «Ана – ұлттың айнасы» тақырыбында өткен форумның мақсатына назар аудартқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жамбылдық іскер аналардың еңбектерін де атап өтті.
– Қазақ «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Яғни, ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі – ана махаббатының жемісі. Киелі Әулиеата жері ардақты апалар мен асыл аналардың, атақты еңбек майталманы атанған әйелдер мен арулардың мекені. Қазір еліміз дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар қолға алынды. Осы орайда отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты, – деді Серік Жақсылықұлы.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев аталмыш Аналар форумы өткен жылы облыс орталығында өткізілген Әжелер форумының жалғасы екенін айтып, қоғамда ата-анаға, мұндай басқосулар жасы үлкенге деген құрметті арттырып, тәрбиеге тұтас жұрттың назарын аударту негізге алынатынын жеткізді.
Айта кетейік, ауданда Аналар кеңесі 2022 жылы ұйымдастырылып, құрамына 15 мүше белгіленіп, ауданның 15 округіне жетекшілікке бекітілген.
– Бұл форум – біздің қоғамымыздың ең асыл, ең мейірімді, ең табанды тұлғалары–аналарымызды құрметтеп, олардың қоғамдағы орнын айшықтауымен маңызды. Ана – отбасының ұйытқысы, ұрпақтың тәрбиешісі әрі ұлт болашағының негізін қалаушы.
Ана тек баланы тәрбиелеп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық құн­дылықтарды, адамгершілік қасиеттерін, дәстүрлерімізді жеткізетін ең негізгі ұстаз. Ұлы Абай атамыздың «Ана – өмір­дің мәні, ұлттың айнасы» деген сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әрбір ана өз баласының көзінде бейнеленген ұлттың келешегі мен болашағын көреді. Т.Рысқұлов ауданында аналарымыз әрдайым қоғамның алдыңғы қатарында болып, түрлі салада жетістіктерге жетіп, өз білімдері мен тәжірибелерін болашақ ұрпаққа беруде. Олар тек отбасылық өмірде ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен кәсіпкерлік салаларында да белсенді, өз ісінің шеберлері. Біз әрқашан аналарымыздың еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеміз. Т.Рысқұлов аудандық аналар кеңесі өз жұмысында әрқашан аналардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, құндылықтарды сақтауға, сондай-ақ, жастарға үлгі болатын іс-шараларды ұйымдастыруға үлкен көңіл бөліп келеді. Бұл форум тәжірибе алмасу мен қатар біздерге әжелердің «Даналық мектебін» әрі қарай жалғастырып ұлт тәрбиесінің діңгегін жоғары ұстап жұмыс істеуімізге, әсерлі құлшыныс, (мотивация) береді. Жыл басында республикада бекітілген «Мәдениетті ана–мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында IV бағыты бойынша жоспарын құрып жұмыс жасап келеміз, – деді аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы.
Баяндамашылардың сөзінен соң ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Ділдәр Мамырбаева, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Оспанова, республикалық «Ақиқат» журналы бас редакторының орынбасары, журналист Назым Дүтбай, ардагер ұстаз, аудандық аналар кеңесінің төралқа мүшесі Ғалия Өтеулиева, психолог Марал Хантөреқызы сахна мінберіне көтеріліп, ата-ананың қоғамдағы орны туралы ойларын ортаға салды.
Аталған форумда «Сенімен бола­шақ» республикалық ата-аналар қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Бағжанов ұйымның саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруда атқарып жүрген жұмыстарынан хабардар етті. Жиын қорытындысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов форумның үндеуімен таныстырды. Елдің дамуына, қоғамның мәдениеті мен бала тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген аналарды аудан әкімі Ернар Есіркепов Алғыс хатпен марапаттады. Форум аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Қамар Қарасаева.

Поделиться ссылкой: