Балаларды шаттыққа бөледі
Балаларды шаттыққа бөледі
Ауданда жасы 18-ден аспаған 40-тан астам мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Араға бір жыл уақытты салып олар бүгін тағы да жасыл шырша маңына жиналды. Жасыл шырша маңындағы мерекелік жиын аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Өткен жылға қарағанда биылғы шырша мерекесі өзгерек болды деуге толық негіз бар. Себебі, балақайлар ән айтып, би билеп, Аяз ата мен Ақша қарға арнаған жыр шумақтарын оқып, ортада мәз мейрам болысты. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер орталығының ұстаздары сомдаған ертегідегі кейіпкерлер балаларды ерекше күйге бөледі.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Асқар Қырықбаев пен мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев балаларға ізгі тілектерін арнап, жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ізінен аудан басшысы бастаған бір топ бөлім басшылары балалармен бірлесіп, шыршаны айнала мерекелік жырды орындады. Одан бөлек кешке жиылғандар мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін тамашалап, ерекше әсер алды.
Мерекелік жиын соңында Аяз ата мен Ақша қардың қолынан бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.