Жаңа жыл жарқын жеңістерге жетелесін
Жаңа жыл жарқын жеңістерге жетелесін
Мінеки, ит жылының да тарих қойнауына енуіне санаулы күндер қалды. Жалпы, өткен жылға өкпе жоқ десек жарасады. Өйткені, өткен жыл қуатты Қазақ елі үшін табысты да берекелі болды. Елімізде береке мен татулық болса, төрімізге енгелі отырған доңыз жылы да Қазақ елінде зор жетістіктер көп болады деген ойдамыз.
Кеше Абай атындағы шағын орталықты орта мектепте жыл сайынғы дәстүр бойынша аудан әкімінің Жаңа жылдық мерекелік кеші ұйымдастырылды. Аталмыш мектеп ұжымы мен аудан әкімдігінің білім бөлімі, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер орталығы бірлесіп ұйымдастырған мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Абай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Рысбек Секербеков пен ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбеков қатысты. Мерекелік шарада сөз сөйлеген Бейсенбек Әшімәліұлы ит жылында білім саласында ауыз толтырып айтатындай жарқын сәттердің орын алғандығын айтып, кешке қатысушы оқушыларды Жаңа жылдарымен құттықтады. Думанды кеште түрлі жанрдағы ертегі кейіпкерлерінің киімін киген өнерпаздар балалардың көңілін серпілтті. Ілкімді шарада аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушілері «Жаңа жыл» әнін орындаса, Абай атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы Маржан Әскербай мен Нұрсұлтан Асқар «Шырша» және «Жаса, Қазақстан» әндерін шырқап, оқушылардың қошеметіне бөленді. Кеш соңында осынау іс-шараға қатысқан барлық балаларға жаны жайсаң жомарт жандардың тарапынан әзірленген мерекелік сыйлықтар табыс етілді.
Марат ДИХАНБАЙ.