Жамбыл облысында жұмысшы мамандықтар жылы салтанатты түрде ашылды

301 Views

Жамбыл облысында «Адал еңбек – адал табыс» тақырыбында жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуы өтті. ​«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен игі шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, басқарма басшылары, ЖОО-ның ректорлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ, ірі кәсіпорын өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

– Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
​Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Қарапайым еңбегімен адал табысқа жетіп жүрген мамандарға құрмет көрсетуіміз керек, – деген облыс әкімі «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып өтті.
​Өңірде биыл 37 инвестициялық жоба қолға алынады. Соның арқасында 1 300-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады десек, оның 91 пайызы жұмысшы мамандықтарына арналған.
​2025-2026 жылдары ІТ hub орталығын ашу, халықаралық салалық аккредиттеуден өту, кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандық ашу жұмыстары жалғасын таппақ.
​Облыс аумағында 42 колледж бар, онда 28 мыңнан астам жас білім алуда.
​2022 жылдан бастап кәсіп­орындардың нақты сұранысына сәйкес мақсатты кадр даярлау жұмыстары жалғасуда.
​Мемлекет тапсырысы бойынша оқитын студенттер қатары артып келеді: соңғы үш жылда білім алған 8 мыңнан астам түлектің 86 пайызы жұмыспен қамтылған.
​Өңірге қажетті әрі сұранысқа ие кәсіптерді анықтау мақсатында жаңа мамандықтар атласы әзірленді.
​Бұдан бөлек, Мойынқұм коллед­жіндегі қолданыстағы «Дәнекерлеу ісі», «Электрмен жабдықтау» мамандықтары жаңғыртылады.
​Жаңа оқу жылында «Гидрогео­логиялық және инженерлік геология», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйе­лерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандықтарын ашу жоспарлануда.
​Алдағы уақытта атом электр станциясы құрылысына қажетті кадр даярлау жұмыстары қолға алынбақ.
– Аймақтың дамуы еңбек адамдарының қолында! «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асатын жобалар – өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің өркендеуіне серпін берері анық, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ерасыл Үсенов: – Мен Президентіміздің «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын қолдай отырып, жастарды ерінбей еңбек етуге, үздіксіз білім алуға, өз кәсібін жетік меңгеруге, еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгуге шақырамын – деп сөз сөйледі.
– Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының негізі. Дәнекерлеу ісі – тек ауыр еңбек қана емес, сонымен қатар шыдамдылық пен дәлдікті қажет ететін өнер. Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін! – дейді Жамбыл индустриалды технологиялық колледжінде «дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша білім алатын жалғыз қыз Виктория Маркова.
​Сондай-ақ, «Казфосфат» тау-кен өңдеу комбинаты «Шолақтау» ЖШС-ның директоры Құдиярбек Омаров пен «Казфосфат» ЖШС «Көксу» кешенінің қызметкері Акпар Амангелдиевке сөз берілді.
​Жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмыс беруші кәсіпорындардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар колледждердегі оқу бағдарламаларымен танысып, кәсіптік білім берудің заманауи мүмкіндіктерін көрді.
​Ғылыми эксперименттер, мастер-класстар, шеберлік сабақтары өтті.
​Сонымен бірге 30-дан астам кәсіпорын бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұсынса, келіссөз алаңында колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайтуға, түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, кадрларды даярлау ісін жандандыруға бағытталған 8 меморандумға қол қойылды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: