Округ тұрғындарымен кездесті

72 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет басшысының №826 Жарлығына сәйкес, Қорағаты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Айта кетейік, бұл жыл басынан бері өткізіліп отырған бесінші кездесу. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов те қатысты. Қорағаты ауылдық округіне қарасты 5 елді мекен бар. 2024 жылы аталмыш ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтар болсақ, ауылдағы полигонға баратын жолға шағал тас төселіп, өрт сөндіру бекетіне газ кіргізілген. Сондай-ақ, Қорағаты станциясындағы ауыз су жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа сорғы құбырлары орнатылған. Мамыртөбе, Аққайнар және Тойқұдық елді мекендеріне ауыз су тарту жұмыстары жүргізіліп, кешенді модульді блоктар қойылған. Ауылдағы мәдениет үйі газдандырылып, Қорағаты станциясында емдеу мекемесі қолданысқа берілген. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, жедел жәрдем көлігі ел игілігі үшін қызмет етуде. Кездесу барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауыл аумағында ғана емес, жалпы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Әсіресе өңірде баспана мәселесі өзекті екенін айтып, соңғы жылдары бұл бағыттағы көрсеткіштер өзгергенін жеткізді.
Расымен де, баспана кілтін табыстау – аудан аумағында бұрын-соңды орын алмаған құбылыс. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы межелер өз деңгейінде орындалады деген сенімдеміз.
Аудан басшысы өз баяндамасында құрылыс саласынан бөлек, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, мәдениет, спорт, денсаулық, тұрғындарды қажетті инфрақұрылыммен қамту, жол жөндеу, жұмыспен қамту және инвестиция тарту бағытында жүзеге асқан жұмыстарды баяндап берді.
Жиын барысында өзге де мәселелер қозғалды. Әсіресе тұрғындар жол жөндеу, округке қарасты елді мекендерге көгілдір отын тарту, интернет желісін арттыру, тері өңдеу ісін қолға алу, көше жарықтарын орнату, бағаналарды реттеу, ағын су мөлшерін молайту және балабақша ашу сынды мәселелерді ортаға салды. Тұрғындар көтерген барлық мәселелерге аудан басшысы Ернар Серікәліұлы жан-жақты талдаулар жасап, тиянақты әрі тұщымды жауаптар берді.
Кеше дәл осындай халықпен кездесу жиыны Ақбұлақ ауылдық округінде жалғасын тапты. Ақбұлақ ауылдық округінде де көп мәселе шешімін тапқан. Ауылішілік көшелер асфальтталып, көше жарықшамдары да орнатылуда. Бұл ауылдық округте көгілдір отыннан таршылық жоқ. Рахым Сәбденов ауылына спорт кешені де салынған. Сондықтан кездесуде ауыл тұрғындары аудан әкімінің іскерлігіне дән риза екендіктерін жеткізді. Қос ауылдық округте де кездесу аяқталған соң аудан әкімі Ернар Есіркепов тұрғындарды жеке сұрақтарымен де қабылдады.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: