Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
Қазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп пайымдаймыз. Себебі Көрісу мерекесінде адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, өкпе-наздар ұмытылады. Құндылықтар құлдырап, маңайымыздан мейірім маңып бара жатқанда осындай Көрісу секілді ұлттық мерекемізді тойлаудың да жөні бар.
Көрісу мерекесі арқылы жастарымыздың салт-дәстүрімізге деген құрметі артып, қамқорлық, ізгілік, бауырмалдық секілді ізгі қасиеттерді олар бойларына сіңіреді. Сондықтан Еуропа елдерінде жоқ осындай құндылықтарымызды бағалай білгеніміз абзал.
Кеше Луговой ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің акт залында «Қазақтың амалы – татулықтың қамалы» деген тақырыпта мәнді де мағыналы іс-шара өтті.
Қазақ халқының Көрісу күні дәстүрін дәріптеп, оның тарихи және мәдени маңызын ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға аудандық аналар кеңесі бастамашы болды. Ербол Қайпулдаев басшылық ететін Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің ұжымы бұл іс-шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Оны іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар да ізгі-лебіздерін де атап өтті.
Іс-шарада аталмыш мектеп-лицейдің директоры Ербол Қайпулдаев «Мектеп – тәрбие бастауы» деген тақырыпта таныстырылым жасады. Одан соң мектеп психологы мектеп оқушыларының аналарымен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Шаңырақ», ата-аналар мен балалар «Қазақтың амалы – татулықтың қамалы» көрінісін, «Даналық мектебі клубының» аясында «Әжелердің өшпейтін өнегелі үлгісі» атты дөңгелек үстел, «Дәстүр, ұлттық құндылық, тәрбие» шеруі, «Дәстүрлі қолөнер бұйымдарын» келген қонақтар тамсана тамашалады. Әсіресе «Шаңырақ» үйірмесінің оқушылары жазушы Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұловтың өмірінен сыр шертетін «Қызыл жебе» романынан қойған көрініс үзіндісі залда отырған көпшілікке ордалы ой салды. Кезек еркін микрофонға келгенде аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Есенкүл Мұхтарова сөз сөйлеп, Көрісу мерекесінің мазмұны мен ұлттық құндылықтар төңірегінде оябы бөлек сөздер айтты. Іс-шараға арнайы қонақ ретінде шақырылған әнші, жыршы Аяз Бетбаевтың шәкірті, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Бейбіт Шошабаев жырдан шашу шашып, көпшіліктің алғысына кенелді.
Шара барысында аталмыш мектеп-лицейдің бірқатар аналары Луговой ауылдық округінің әкімі Жасұлан Өмірқұловтың алғыс хатымен марапатталды. Іс-шара соңында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы:
– Кең болсын қазағымның керегесі,
Арта берсін Алла берген берекесі.
Баршамызға бақыт нұрын
шашып келген,
Құтты болсын, әз-Наурыз мерекесі!
Атқарған әрбір істерің оң болсын деп тілеймін,
Бақыт, байлық, береке мол болсын деп тілеймін.
Сапарда жүрген жандарға жол болсын деп тілеймін,
Үйлеріңде әрдайым қуаныш пен той болсын деп тілеймін, – деп ақ батасын берді.
Марат Жолдасбекұлы.