Қайта оралған әз-Наурыз немесе Мұхтар Шаханов пен Геннадий Колбиннің текетіресі
Егер көне тарихтың терең тұңғиығына көз жіберіп, зерделеп пайымдайтын болсақ, Наурыз мерекесін төрткүл дүние халықтарының тең жарымынан астамы ықылым заманнан мерекелеп келген. Ата-бабаларымыз бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше дәріптегені белгілі. Күн мен түн теңескен көктемнің осынау жаймашуақ күнінде қолына кетпен-күректерін алып, бітеліп қалған бұлақ көзін ашып, арық-атыздарды тазалаған.
Тал-дарақ отырғызып, үйдің айналасын, мерекені ерекше сән- салтанатымен қарсы алып отырған. Барша Шығыс халықтары ежелден «Егер Наурыз үйі таза, дастарханы берекелі, көңілі жарқын отбасына келсе, ол үйге құт береке дариды» деп есептеген. Осы мақсатпен Наурыз күні ұзақ қыстан қалған тағамдарынан Наурыз көже дайындап, көрші-қолаң болып, ерекше шат-шадыман көңілмен мерекелік дастарханнан дәм татқан. Ұлы даланың ұлы философиясын көкірегіне дарытып өскен балаларымыз бұл күні ренжісіп жүрген ағайындарды төс түйістіріп табыстырып, шаңырағы шайқалып бара жатқан жас отбасыларын ынтымақ-бірлікке шақырып, көңілдерін қайтадан жарастырып отырған.
Осынау табиғатпен етене, даланың даналығын бойына дарытқан Ұлы мерекені кеңестік қызыл империя кезінде «Діни әдет-ғұрыптарды уағыздайды» деген сылтаумен 1926-шы жылы тойлауға үзілді-кесілді тыйым салынды. Тек қана жергілікті ұлт қоныстанған шалғайдағы ауылдарда ғана үздік-создық аталып өтіліп отырды.
Бұл біздің ежелден қалыптасқан салт-дәстүріміздің тамырына балта шабу еді. Мұның өзі ұлтжанды зиялы қауым өкілдерін, парасатты азаматтарды ойландырмай қойған жоқ. Тоталитарлық режимге қарсы шығып, ұлттық рухты көтерген Желтоқсан оқиғасынан кейінгі кезеңде халқымыздың қызу қанды ақыны, тіл мен дінді ту етіп көтерген Мұхтар Шаханов Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинмен тайталаса жүріп, ынтымақ пен бірліктің мерекесін қайта оралтуға барынша ден қой-ды. Осы мақсатпен республиканың орталық басылымдарында адам жанын тебірентерлік, ұлттық рухты оятатын мақалалар жариялап, республика басшыларының құлағына «алтыннан сырға» тақты. Алайда, қайта құру кезеңіндегі көпірме көпсөзділіктің кесірінен оған тиісті дәрежеде көңіл бөлінген де жоқ. Алған бетінен қайтпайтын қайсар ақын мұнымен тоқталып қалмай, Г.В.Колбиннің атына ресми түрде хат жіберді. Ондағы ойы – осы хаттан соң республика басшысы мені қабылдар, халық тілегін көзбе-көз отырып жүрегіне жеткізейін деген еді. Солай болды да.
Осы жерде Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» кітабының Наурызға қатысты тұсынан үзінді келтірейік.
«Колбин мені ақпан айының аяғына таман қабылдады. Ол бұл жолы бұрынғыдай арқын-жарқын емес, салқын қабақ танытып отырды. Хатымды толық оқып шықты.
– Оңды ұсыныс екен. Ойланайық. Бюро мүшелерімен ақылдасайық, – деді…
Екеуміз көңілсіз қоштастық. Колбиннен шыққаннан кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолығып, Колбинге «Наурызды» тірілту туралы арнайы хат тастағанымды айттым.
– Өте дұрыс жасағансың, – деді Нұрекең. – Енді сенің ол хатыңды Колбин Бюро мүшелеріне жіберуі тиіс. Көбісі көлеңкесінен үріккендер ғой. Өзбекәлі Жәнібеков екеумізден басқалары қолдай қояды деп ойламаймын. Дегенмен, өзім бар күшімді саламын.
Ал сен Колбиннің соңынан қалма. Басқа жазушыларды да, өнер қайраткерлерін де қосып, бірлесіп қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберейік. Уақыт тым аз қалды. Колбин келісімін бере қалған жағдайда «Наурызға» қаржы бөлу мәселесі Министрлер Кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме. Батыл кірісе бер!..
Келесі күні Колбинге қайта кірдім.
Орталық Партия Комитетіне кіре берісте Тельман Сауранбеков жолыға кетті. Ол Министрлер Кеңесі жанындағы діни мәселелермен айналысатын бөлімнің меңгерушісі болатын.
– Мұхтар, сенің хатыңа байланысты мені идеология бөлімі шақырған екен, – деді ол. – Алған тапсырмам: «Наурыздың ислам дініне қатысын» анықтау.
Тельман аға Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің хатшысы қызметінен соң Алматы қалалық партия комитетінің идеология саласын басқарған пайымды азамат.
– Кездескеніміз жақсы болды, – дедім мен. – Наурыздың біздің жерімізге ислам дінінен бұрын келгеніне куәлік беріңіз!
– Ол туралы жазылған әдебиет бар ма ?
– Ойбай, Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» еңбегінде осы ой анық айтылған.
– Тамаша! Қазір Абайдың кітабын тауып алып идеология бөліміне Наурызды қолдаған қағаз түсіремін.
Сосын құлағыма сыбырлады: – Есіңде болсын, Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекәлі Жәнібековтен басқа Бюро мүшелері қарсы пікір білдіріпті. Енді бар мәселе тек Колбиннің өзіне тіреліп тұр. Бір идея ұсынайын. Сен оған «Егер Наурыз мерекесін тірілтсеңіз, бүкіл қазақ сіз жағына ойысады» деген ойды қадап айт. Көніп қалуы әбден мүмкін…
– Ренжіме, Мұхтар, – деді ол. – Бюро мүшелерінің көбі қарсы. Наурызды Ислам дінінің қалдығы деп жатыр.
– Кешіріңіз Геннадий Васильевич, – дедім өршеленіп. – Бюро мүшелерінің көпшілігі тарихты білмейді. Мәселен, Ислам діні бұл өлкеге сегізінші ғасырда ене бастаған. Ал Наурыз қазақ даласында одан бұрын тойланған. Бюро мүшелерінің көпшілігі ең әрісі қазақтың бірінші ақыны Абайды да оқымаған. Абайдың орыс тіліне аударылған кітабын әдейі ала барған едім. Атыңнан айналып кетейін, ұлы атамыздың қысылған шақта мұншалықты пайдасы тиеді деп кім ойлаған.
Дарабоз ұстаздың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» қара сөзін Колбиннің алдына жайдым. Ол жалма-жан асты қызыл сиямен сызылған жолдарды қарап шықты да, ойланып қалды.
– Енді, Геннадий Васильевич, мынаған назар аударыңыз, – деп «шабуылға» қайта шықтым.
Қазақ жеріне Ислам діні келместен бұрын Наурыз мейрамын армяндар «Навосарди», чуваштар «Нарас айахе» деп атаған. Ал армяндар мен чуваштардың мұсылман емес екенін өзіңіз білесіз. Бұл тіпті Қазақ совет энциклопедиясында жазылған.
Шындығы солай болғанымен, бірақ ол кітапта «Ислам діні келместен бұрын» деген сөз жоқ еді. Әдейі белінен басып жібердім.
– Сіз жеңдіңіз! – Колбин орнынан тұрып келіп қолымды алды.
– Жаңа ғана Горбачев телефон соқты. Бір жылдан бергі жасалған жұмыстарға оң қабақ танытты. Енді мына сіз ұсынып отырған Наурыз мерекесін ұлт пен ұлтты жақындастыратын әрі республиканы жасыл желекке бөлейтін құрал ретінде пайдалансақ, ұтылмасымыз анық.
– Оған сөз бар ма? – дедім, «Наурыз» идеясын санасына әлі де терең шегелей түспек ниетпен. – Жасыратыны жоқ, Желтоқсан оқиғасынан соң республикамыздағы екі үлкен ұлттың ара қатынасында елеулі салқындық пайда болды. Ал Наурыз салтында бұрын өзара ренжісіп жүрген адамдар мереке кезінде міндетті түрде төс қағыстыра құшақтасып, бір-біріне деген өкпесін кешіруі шарт.
– Тамаша дәстүр екен, – деді Колбин шаттанып. – Бұл жерін неге маған ешкім айтпаған? Әңгіме Наурыз мерекесін өткізу мерзіміне келіп тірелгенде, Колбин тағы өзгерді.
– Биыл тым кешіктік. Наурызға дейін санаулы ғана күн қалды. Және оған арнайы қаржы бөлінуі керек. Ендігі жылдан бастайық.
«Қаржы мәселесін Назарбаев тез арада шешемін деп уәде берді», – дей жаздап тілімді тістей қойдым. «Бұлар мені аттап өтіп, өзара келісім жасап жүр екен» деген ойға келіп қалуы әбден мүмкін ғой. Колбин пікірінің жаны бар еді. 22 наурызға бас-аяғы он-ақ күн қалған. Бұл мерзімде республикалық мереке түгілі кішігірім үйлену тойын өткізудің өзі күшке түседі. Бірақ қасарысып берілгім келмеді. «Ендігі жылға дейін кім бар, кім жоқ. Бәлкім, Горбачев Колбинді кері шақырып, орнына бұған жылап көрісердей сірескен басқа бір шенеунікті жіберсе қайтпекпіз?» деген ойға тірелгенімде, маңдайымнан суық тер шықты.
– Геннадий Васильевич, өтінемін, менің осы жолғы ұсынысыма сенім артыңызшы, – дедім өжеттеніп. – Биыл мерекені наурыздың 22-сінде емес тіпті 22 сәуірде өткізелік. Ол үшін бізді ешкім айыптай қоймайды. Оған дейін күннің ызғырығы сынып, мамыражай күйге түседі. Сосын бір мәселені жадыңызға ұстауға тиіссіз. Егер сіз қазақ халқына 62 жыл бойына көз жазып қалған өзінің төл мейрамын қайырып берсеңіз, бүкіл ел сіз жағына шығады. Және бұл маңызды істі келер жылға қалдыруға болмайды.
Колбиннің жүзі жадырап сала берді. Байқаймын, кешегі Тельманның берген ақылы нысанаға дөп тиген сияқты. Сөзімді әрі қарай жалғастырдым:
– Биыл Наурыз тойын үш-ақ жерде – Алматы қаласында, Алматы облысының Жамбыл ауданында және өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Еңбекші қазақ ауданында өткізелік. Ендігі жылдан бастап республика бойынша тойлай жатармыз…
– Жарайды, болсын! – деді Колбин жадырап. – Орнынан тұрып келіп салалы саусақтарымен арқамнан қақты. – Жәнібековке менің келіскенімді жеткізіңіз. Ақылдасып, іске кірісе беріңіздер!
– Жоқ, Өзбекәлі Жәнібековке өзіңіз айтыңыз, – дедім жұлып алғандай, ағамыздың біреудің сәлем-сауқатына илікпейтін мінезін білгендіктен.
Колбин сол қанатында тұрған аппараттағы бір нүктені басып былай деді:
– Өзбекәлі Жәнібекович,Мұхтар Шаханов жолдаспен Наурыз мерекесін биылдан бастап өткізуді жан-жақты талқыладық. Алдымен 30 наурызда Алматы қаласында, сосын Алматы облысының Жамбыл ауданында, іле-шала ұлт өкілдері жиі қоныстанған Еңбекші қазақ ауданында жалғастырған жөн. Бұл маңызды шараны тікелей өз қолыңызға алыңыз. Мұхтар Шаханов жолдастың хатына орай Орталық Комитеттің үш бөлімі – Партиялық ұйымдастыру, үгіт-насихат және Мәдениет бөлімдері тез арада өз ұсыныстарын берсін. Нұрсұлтан Әбішұлымен өзім сөйлесермін. Мерекеге дайындық мәселелерімен мені жиі-жиі хабардар етіп тұруыңызды өтінемін.
…Колбиннен шығып бірден Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке тарттым.
– Сенің су іздеген жеріңнен құдық қазбай қоймайтын қайсарлығыңның пайдасын көрдік, – деді ол жымиып…
Ертең мейрам деген күні кешкілік Колбинмен қайта жолықтым. Қандай сайтан түрткенін қайдам, тағы өзгеріп қалыпты.
– Біз қатыса алмайтын болдық. Сағат 10-да Орталық Комитеттің Бюросы. Наурыз халықтық, ұлттық мереке ғой. Өздеріңіз өткізе беріңіздер! – деді салқын ғана.
30 наурыз күні (1988 ж) Максим Горький атындағы демалыс паркінде жиналған халықта есеп жоқ. Өшкені жанып, өлгені тірілгендей бәрінің жүзі жадыраңқы. Солай екені рас та ғой. Бұл – сан ғасырлардан ұрпақтан -ұрпаққа жалғасып келе жатқан Баба-Наурыздың 62 жылғы үзілістен соң қазақ аспанында қайта қанат қомдауы еді. Жиналғандардың бәрі бір-біріне ізгі-тілек айтысып, төс түйістіріп жатыр. Наурыз тойының ашылуында (сол тұста Алматы қаласында сегіз аудан болса да) бірде-бір аудандық не облыстық партия комитетінің хатшысы немесе министрліктердің басшылары қатысқан жоқ. Кейіннен Орталық Комитет тарапынан сондай жасырын тапсырма болғанын естідім. Жиналысты Жібек Әмірханова ашып, алғашқы сөзді маған берді. Қазақ рухындағы дара мерекенің мән-мағынасына тоқтала келдім де, «Наурызға ода» атты өлеңімді оқыдым.
…Қалың ел баба салтын қатты сағынып қалған екен. Менің Колбинді көндіру үшін айтқан: «Биыл Наурызды Қазақстанның үш-ақ жерінде өткізейік», – деген ұсынысым далада қалды. Наурыз мейрамы республикамыздың бірнеше облыстарында, аудандарында, колхоз-совхоздарында, зауыт-фабрикаларында, жоғары оқу орындары мен мектептерде атап өтілді.
Тіпті Олжас Сүлейменов екеуіміз тамыз айында сырқаттанып Министрлер Кеңесінің ауруханасында жатқанымызда ақ халаттылар – (орыс-қазақ түгел жиылып) өз мекемелерінде Наурыз мейрамын өткізіп, бізді қонаққа шақырғаны бар. Сол жылы бұл баба – мереке қыркүйек айына дейін толастаған жоқ.
Келесі көктемде Наурыз Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан Республикаларында жалғасты.
Қазақстан бұл салада оларға бедел әрі үлгі болды.
(Мұхтар ШАХАНОВ)
«Желтоқсан эпопеясы» 2-бөлім.
«Колбин және қазақ ұлтының қасіреті» ,«Жалын журналы», №2, 2008 жыл.
Осылайша өр мінезді өршіл ақынның қайтпас қайсарлығының арқасында қайта оралған әз- Наурыз халықпен қайта қауышты, сусап қалған ел-жұртпен сағына көрісті. Ықылым заманнан ата-бабаларымыз ерекше қастерлеген мерекені Ұлы Жібек жолының күре тамырында жатқан Құлан өңірінің жұртшылығы да ерекше ыстық сезіммен, шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алды. Бүгінгі өскелең ұрпақ үшін тарихи орын болып табылатын Ежелгі Құлан қалашығының маңындағы кең жазыққа ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, ұлттық киім киген қыз-жігіттер Наурыз дәстүрінен көріністер қойып, қисапсыз жиналған аудан тұрғындарының шынайы көзайымына айналғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Міне, осынау ұлан асыр той-мерекенің бірден бір ұйымдастырушысы әрі салт-дәстүрімізді насихаттаушы аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары болғандығы әмбеге аян.
Наурыз мейрамы тек қана аудан орталығында емес, барлық ауыл дарда, шалғайдағы елді мекендерде бар сән-салтанатымен аталып өтті.
– Біздің сол кездегі Алғабас совхозында мереке 17-наурыз күні басталған еді, – деп еске алады байырғы мәдениет қызметкері, тарихшы Тоғанбай Қонысбаев қария, – ауыл адамдары бірнеше күн қатарынан ешкімнің ескертуінсіз жиналып, дәстүрлі наурыз көжелерін дайындап, елді мекендерді тазартып, әктеу жұмыстарын жүргізіп, нағыз көктем мен еңбек мерекесіне келгендей көңіл күйде болғандығын ауызбен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. Осыдай шат-шадыман күйде ешкімнің ара ағайындық жасауынсыз ақ өкпелесіп жүрген жандар бір-бірімен көңілдегі қаяуларын ұмытып, төс қағыстырып, шешіле әңгімелесіп кеткендігін ешбір ұмыта алмаймын. Бұл, әрине, әз -Наурыздың ұлағатты құдіреті болса керек. Мереке күндері жастар топ-топ болып өз өнерлерін көрсетіп, ауыл маңын нағыз думанға айналдырды.
Қадірменді қария арада 62 жыл салып алғаш тойланған Наурыз мерекесін осылай деп еске алған еді. Міне, содан бері халықпен етене Наурыз – жыл сайын республика деңгейінде барлық салт-дәстүрлерімізді сақтай отырып, мәдениет қызметкерлерінің белсене араласуымен кеңінен аталып өтуде.
Осы жерде салт-дәстүріміз жайлы әңгіме қозғағанда «Ата-бабаларымыз о бастан дәріптеп келген Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын лайықты қарсы алып жүрміз бе?» деген де ой мазалайды кейде. Бұл мерекені міндетті түрде «былай тойлау керек» деген қатып қалған ереже де жоқ екені белгілі. Бірақ ежелгі дәстүріміз бойынша оған ертерек қамдануымыз керек екендігін естен шығарып ала беретін секілдіміз. әз -Наурызымызға небәрі 3-4 күн қалғанда дайындалып, апай-топай өткізе салатын болып жүрміз. Мұның өзінде де барлық салмақ мәдениет қызметкерлеріне түсіп жатады. Бұл біздің енжарлығымыз ба, қалай өзі.
Енжарлық демекші, бізде де кезінде Қозы Көрпеш-Баян сұлу күнін белгілеп, оны ғашықтар мерекесіне айналдыру туралы көшелі ой пікірлер көптеп айтылған болатын. Өкінішке орай, тағы да сол енжарлығымыздан басталған іс аяқсыз тасталды да қимылсыз қалды. Кейде Наурыз мерекесі де осылай болмаса екен деп ойлайсың.
Олай болуы мүмкін де емес. Себебі ата-баба дәстүрін қадірлейтін халқымыз бар. Өнерімен өлке жұртын тамсандырып келе жатқан аудандық мәдениет бөлімі бар.
Тек қана ыждағаттық керек. Ел тізгінін ұстап отырған ер азаматтардың биік ұлттық рухы қажет. Ал мәдениет қызметкерлері барлық игі істің бастауында бола алады.
Тұрсынхан Жаманбаев,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ Журналистикасының қайраткері.
