Көгершіндегі келелі кездесу

82 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Көгершін ауылдық округінің халқымен кездесу өткізді. Ашық форматтағы бұл жиынға округ тұрғындарымен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов, бөлім және мекеме басшылары да қатысты.

Кездесу барысында Ернар Серікәліұлы өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер орын алып, өнім өндіру көлемі артқан. Сонымен қатар құрылыс, санитарлық тазалық, көгалдандыру және тал егу жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Аудан басшысы әсіресе елдімекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесіне айрықша назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов өз сөзінде «Киелі Құлан», «Қауіпсіз ауыл» сынды тұжырымдамалар қабыл­данғанын айтып, бүгін­де осы бағытта нақты жұмыстарды жүргізу жоспар­ланғанын жеткізді. Осыған сәйкес, әр тұрғын өз аула­сын таза ұстауға, туған жердің көркеюіне үлес қосуға тиіс екендігін алға тартты. Сонымен қатар бала тәрбиесі – қоғамның ең маңызды мәселелерінің бірі екендігіне тоқталып, бұл бағытта да бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Бұл пайымды пікірлермен аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Абақұлы да келісетінін айтып, орамды ойға ой қосты.
Кездесу барысында аймақта жүзеге асқан бірқатар инвестициялық жобалар да атап өтіліп, олардың барлығы ел игілігі үшін қызмет ететінін айтты. Бұл бір жағынан салық мөлшерін арттырса, екіншіден, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болатыны айтылды.
Жиынға қатысқан тұрғындар да көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Олар ауылдағы емдеу мекемесінің тарлығын айтып, кеңейтуді өтінді. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін «Учаскелік инспек­тор ауыл аумағында тұрса?..» деген өтініш-тілек­терін де жасырмады. Аталмыш сұрақтарға жауап­ты бөлімнің басшылары жауап беріп, ел сұранысын ескеретіндіктерін айтты.
Соны­­мен қатар жиында жер, балабақша, балалар ойын алаңы, ауыз су, жол мәселелері көтерілді.
Жалпы өткен жылы тұрғындар тарапынан көтеріл­ген мәселелердің бірқатары қанағат­тан­ды­рылыпты. Осыған сәйкес, биыл Көгершін, Т.Барпиев, Амангелді-Тәуірқұлов көшелерінің бұрылыс жолдары орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, Жамбыл және Төле би көшелеріне көше жарығы орнатылып, жаңа кіші футбол алаңы соғылмақ.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: