Айналасына сыйлы Ертай еді…

55 Views

Көкдөнен ауылының тұрғыны болған еркін күрестен спорт шеберіне үміткер, жастайынан спорт десе делебесі қозып тұратын жастың бірі – Жауын Ертай Ернарұлы болатын. Ертай туралы ауылдастары әрқашан жақсы пікір айтады. Өйткені ол үлкеннің алдын кеспейтін, көпшіл, айтқан сөзін де екі етпейтін, еркін күреспен айналысып, ауылының абыройын бәсірелі жарыстарда асқақтатқан дарынды жас еді. Әттең, өмірі қысқа болды. Әйтпесе мына жалғанда ол бағындыратын белес те көп еді…
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде еркін күрестен 2014-2015 жылы туған жасөспірімдер арасында спорт шеберіне үміткер болған Жауын Ертай Ернарұлын еске алуға арналған аудандық жарыс өтті. Жарысқа 20, 23, 26, 29, 32, 35, 38, 41, 44 және 48 келі салмақ дәрежесі бойынша 130-ға жуық жасөспірім балуандар қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсі­мінде Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев, Көкдөнен ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кәрбоз Ағыбаев, Ертайдың әпкесі Гүлжан Арынова, спорт ардагері Талғат Әлімбеков, Ертайдың досы Сембек Исламбек сөз сөйлеп, Ертай Ернарұлының адамгершілік болмысы хақында оябы бөлек сөздер айтты.
Жарыс өте тартысқа толы бол­ды. Жақсылық ауылының және Құлан ауылындағы №24, 25-ші ба­ла­­лар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жарысқа тыңғылықты деңгейде дайындалып келіпті. Көкдөненнің жасөспірімдері де бұл жарыста жақсы белдесу өрнегін көрсетті. Жарыстың бас төре­шісі – Мадияр Әмреев болды.Жарыс со­ңында жеңімпаз бен жүлдегер атанған жасөспірімдерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жарыс барысында Ертай Ернарұлының рухына құран бағышталып, Көкдөнен ауылындағы мешіттің жанынан салын­ған асханада ас берілді.

Марат Аятберген.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий