Абай ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Бауыржан Қуанышбекұлы Самылтыровтың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

85 Views

Абай ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Бауыржан Қуанышбекұлы Самылтыровтың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

Өмірбаяны
Бауыржан Қуанышбекұлы Самыл­тыров 1982 жылдың 16 нау­рызында Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Талдыөзек совхозында дүниеге келген. 1988 жылы Карл Маркс атындағы орта мектебіне 1 сыныпқа қабылданып, 1999 жылы Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шынәсілов атындағы орта мектебін 11 жылдық біліммен аяқтаған. 2000 жылы Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 2003 жылы «Бастауыш сыныпта оқыту» мамандығы бойынша аяқтаған. 2004 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, аталған оқу орнын 2006 жылы «Музыкалық білім» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2006 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 2008 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары. Еңбек жолын 2004 жылы Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шынәсілов атындағы орта мектебінде жасөспірімдер тәлімгері болып бастаған. 2005-2012 жылдары аталған орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2012-2018 жылдары Тұрар Рысқұлов аудандық білім бөлімінің әдіскері болды. 2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі болып еңбек етіп келеді.
Отбасылы. 4 ұл, 1 қызы бар.
САЙЛАУАЛДЫ
БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті Абай ауылдық округінің тұрғындары! Мен білім саласында еңбек етіп келе жатқан адаммын. Қазіргі таңда жастарымызға білім мен қатар тәрбиенің де дұрыс берілгенін өз басым қалаймын. Сондықтан да мен Абай ауылдық округінің әкімі лауазымына өзімнің кандидатурамды ұсынып отырмын. Егерде мені қолдасаңыздар, алдымен өскелең ұрпақтың бойында рухани адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, оларды барынша қолдауға тырысар едім. Ауыл ақсақалдарынан және ауылдың белсенді азаматтары мен ауыл активінен құрылған қоғамдық кеңес арқылы ауылдың тәртібін қадағалап, кез келген мәселені ақылға салып шешуді ұйымдастыра аламын. Аз қамтылған, көп балалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмай, қамқорлық жасаймын. Округтің санитарлық тазалығын үнемі бақылауда ұстап, саябақтарды көгалдандыру мен абаттандыру бағытында да жұмыс жасаймын. Елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Абай ауылдық округінің тұрғындары сондай ілкімді бағдарламаның шапағатын көрді. Бұл ауылдық округтің тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасымен төмендетілген бағада несие алып, түрлі бағыттарда жұмыс жасап жатыр. Мен әрқашан көпшілікпен біргемін! Ауыл жастарының көкейтесті мәселелерін оңтайлы шешіп, жастарды ауылдық жерде тұрақтандырып, Қазақстан Республикасының белсенді патриотын тәрбиелеу үшін, ел болашағы жастармен жұмысты кешенді түрде жүргіземін және жастардың теріс діни ағымдардың ықпалынан, жат қылықтардан аулақ болуына бағыт-бағдар беруді басты назарда ұстайтын боламын.
Құрметті сайлаушылар! Осы айтылған мәселелердің барлығы ұдайы менің назарымда болады.
18 мамырда сайлау учаскесіне келіп, таңдауыңызды жасаңыз!

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий