Тереңөзек ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Жандосәліби Сатымбекұлы Үмбеталының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

350 Views

Тереңөзек ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Жандосәліби Сатымбекұлы Үмбеталының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

ӨМІРБАЯНЫ
Жандосәліби Сатымбекұлы Үмбеталы 1989 жылдың 20 тамызында Құлан ауылында дүниеге келген. 2011 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын бітірген. 2018-2020 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Білімі – жоғары. Еңбек жолын 2011 жылы Қарақыстақ ауылындағы «Даулетов Н.К.» жеке кәсіпкерлігінен жастар-тәжірибесімен бухгалтер-экономист болып бастаған. 2012 жылы Құлан ауылында ақылы қоғамдық жұмысшы болды. 2013 жылы Луговой ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман, 2013-2020 жылдар арасында Құлан ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман болып еңбек еткен. 2020-2022 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінде бас маман болған. 2022 жылдың 8 ақпанынан бастап, бүгінгі күнге дейін Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйіне қарасты «Сұлутөр» кинотеатрының меңгерушісі болып қызмет етіп келеді.
Отбасылы. 1 қыз, 3 ұлы бар.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті Тереңөзек ауылдық округінің тұрғындары! Егерде мені қолдасаңыздар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауылдық округ аумағындағы әкім құзыретіне кіретін жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып, жергілікті жердегі әлеуметтік экономикалық даму мен саяси тұрақтылықтың сақталуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында өз білімім мен тәжірибемді салып, жұмыс жасайтын боламын.
Қазір мемлекеттік қызметте де басшылық қызмет атқарып жүрген жастардың қатары көп. Менің ойымша, бүгінгі күнде тек білімді болумен қатар іскер де болған абзал. Іскер әкім қай істе де белсенділік танытады. Маған дауыс берсеңіздер, әкімдік қызметте де өзімнің іскер әрі бастамашыл екенімді көрсетемін деп ойлаймын.
Халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында жұмыс жасап, әлеуметтік мәселелерді үнемі назарда ұстайтын боламын. Округтің санитарлық тазалығын үнемі бақылауда ұстап, көгалдандыру мен абаттандыру бағытында да жұмыс жасаймын. Ауыл шаруашылық теліміндегі жерлерді (шабындық, жайылым, егістік т.б) ұтымды пайдалануды, иесі бар игерілмей жатқан жерлермен, бос иесіз жерлерді игеріп, айналымға қосуды ұйымдастырамын. Біз халқымыздың бай рухани адами құндылықтарын өскелең ұрпаққа табыстауымыз керек. Бұл дамып келе жатқан әрбір қоғамның миссиясы! Жастардың білім, тұрғын үй, жұмысқа орналасу тәрізді өзекті мәселесін шешуге барынша атсалысамын. Кәсіпкерлікті дамытып, ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жұмыс жасаймын. Округтегі денсаулық, білім, мәдениет саласының жұмысын үнемі қолдап, олармен бірлесіп, көптеген жұмыстарды жүргіземін.
18 мамырда дауысыңызды маған беріңіз. Мен әрқашан көпшілікпен біргемін!

Поделиться ссылкой: