Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Рүстем Қуанышбекұлы Қырықбаевтың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

65 Views

Өмірбаяны
Рүстем Қуанышбекұлы Қырықбаев 1986 жылдың 1 қыркүйегінде Жаңа­тұрмыс ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Саясаттанушы» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары.
Еңбек жолын «Жастар практикасы» бағдарламасымен 2009 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының кеңсе бөлімінің маманы болып бастаған. 2010 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының кеңсе бөлімінің маманы, 2011-2012 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің статисты, 2012 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы тексеруден өткенге дейін бас маманы болды. 2012-2020 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, 2020-2023 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет істеген. 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқаруда. Отбасылы.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті Жаңатұрмыс ауылдық округінің тұрғындары! Мен осы ауылда дүниеге келіп, ер жеттім. Ауыл мектебінде білім алып, ұлағатты ұстаздардан тәрбие алдық. Жалпы, мен ауылдық округке бөтен адам емеспін. Ауданда да біраз қызметте еңбек еттім. Енді өзім туып өскен ауылға келіп, осы кезге дейін жина­ған тәжірибемді бөлісіп, ауыл ақсақал­дарымен, жастармен, бір сөзбен айтқанда, көпшілікпен бірлесе жұмыс істесем деймін. Ауыл тұрғындары мені қолдайды деген үміттемін.
Жаңатұрмыс ауылын мұқым қазақ біледі. Бұл ауылдан ақындар да, сөзге шешендер де шыққан. Балалар ақыны Әдібай Табылды, табиғат тамыршысы атанған Қуандық Шолақ, айтыскер ақын Асхат Қылышбек, эстрада жұлдыздары Тахмина Әшімбекова мен Руслан Мамыт та Жаңатұрмыс ауылдың перзенттері. Қазіргі таңда ауылымызда жаңа спорт кешені бар. Жаңа мәдениет нысаны да салынып, аяқталуға жақын қалды. Ауылымызда газ бар, ауыз су бар. Шүкір. Ауылішілік көше жолдары да жыл сайын рет-ретімен асфальтталып, көше жарықшамдары орнатылуда. Егерде мен Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі лауазымына сайлансам, ауыл тұрғындарымен бірігіп, өзімнің білімім мен тәжірибемді пайдалана отырып, бар күш-жігерімді ауылымыздың көркейіп-гүлденуіне аянбай еңбек ететін боламын. Ол үшін маған сіздер­дің қолдауларыңыз керек. Егерде мені қолдасаңыздар, мына тірліктердің жасалуына ықпал жасаған болар едім. Әуелі ауылымыздағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне, содан кейін жол жөндеу жұмыстарын қажет ететін көше жолдарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, Жаңатұрмыс ауылдық округінің жол көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртуға, сондай-ақ, қолайлы экологиялық жағ­дайды сақтауға бағытталған жұмыс­тарды жүргізуге қолымнан келген бар мүмкіндікті жасар едім. Жұмыс­сыздықты азайту мақсатында мал шаруашылығын дамытуға, үкімет тара­пынан берілетін жеңілдетілген несие­лерді ауыл тұрғындарының алуына, инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын құру жөнін­дегі жұмысты жандандыруға, жер учаскелерін бөлу процестеріне қатаң бақылау орнатуға, Қаныш Сәтбаев көше бойында орналасқан балалар ойын алаңшасын жаңартуға үлес қоссам деймін.
Құрметті сайлаушылар! 18 мамырда мені қолдап, дауыс береді дегенге өз басым сіздерге сенемін. Ауылымызды бірге көркейтейік!

Поделиться ссылкой: