Ат құлағында ойнайтын АРНАТ

66 Views

Қазіргі таңда ұялы телефонға телміріп, күнін бос өткізетін бала көп… Бірақ Арнат Мұратхан – олардың қатарынан емес. Ол – шабандоз. Жоқ, жай ғана шабандоз емес. Ол – бәйгенің жарық жұлдызы! Көкдөнен ауылынан шыққан жас өрен Арнат – бүгінде бүкіл елдің үмітін арқалап жүрген ұлттық ат спортының нағыз болашағы. 2024 жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионатының финалында 3 бірдей бас бәйгені жеңіп алып, елді елең еткізді. Сол жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да атой салып, екінші орынды иеленді. Бұл халықаралық додада Арнат Қазақстан атынан өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап шықты. Оның жеңісі елеусіз қалмай, «Президенттің арнайы марапатына» ие болды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Арнат Мұратхан «Жылдың үздік шабандозы» атанды. Бұл – Қазақстан Республикасы Бәйге федерациясының ең беделді марапаттарының бірі. Ол жай ғана мықты шабандоз емес, жастарға үлгі боларлық жасөспірім. Тектілік пен еңбекқорлықты ұштастыра білген Арнаттай баладан болашақ чемпиондар өсіп шығатынына сенім мол. Дегенмен, Арнат өз замандастарын ең әуелі сабақты реттеп, содан соң ғана жеке хоббиге мән беруге шақырды. Сондай-ақ, жас шабандоз ат үстіндегі қауіпсіздікке де үлкен мән беру керектігін алға тартты. Ұлттық рух пен құндылықты дәріптеп жүрген Арнатқа алдағы жарыстарда сәттілік пен биік белестер тілейміз!

Ақжарқын Мұратбек.

Поделиться ссылкой: