Айдана Әбдікерім – қола жүлдегер

80 Views

Ауданымыздағы №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті, бокстан жасөспірімдер арасында ұлттық құраманың мүшесі, Қарақат ауылының тумасы Айдана Әбдікерім Иордания елінің Амман қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль иеленді. Жалпы Амманда өткен жасөс­пірімдер арасындағы Азия чемпионаты туралы еліміздегі баспасөз құралдары ұдайы мақалалар жазып тұрды. Бұл да болса, жасөспірім спортшыларға үлкен ақпараттық қолдау деп білеміз.
Айдана Әбдікерім туралы да біз сан мәрте мақала жаздық. Ол қандай жарысқа қатысса да, оның жүлде алатынына әбден етіміз де үйренді. Мықтыны әрқашан мықты деу керек. Айдана осылай табанды түрде еңбек ете берсе, өзінің арманы болған олимп шыңында бағындыру оның қолынан келеді. Азия чемпионатының қола жүлдесі сол жолдағы баспалдақ деп ойлаймыз. Кеше Дәурен Әбдікерім басшылық ететін №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы Айдана Әбдікерімді арнайы құттықтап, сый-сыяпат табыстады. Айдананың өзіне де, оның жаттықтырушысы Есдәулет Құрмантаевқа да 50 мың теңгелік ақшалай сертификат табыс етті. Осы кездесуде Айдана дүниеге келген Қарақат ауылының спортқа жанашыр азаматтары мен тұрғындары сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары атынан да бұрымды бойжеткенге қаржылай сыйақы барын да сөз етті. Газет беттеліп жатқанда аудан әкімі Ернар Есіркепов те жас спортшыны қабылдағанын білдік. Біз бұл туралы келесі газе­ті­мізде мақала жазатын боламыз. Әзірге осымен қысқа қайыра тұрайық.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: