«Жарайсыңды» Жансаяға айтсақ жарасады

54 Views

Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Жансая Сәрсенбаеваның есім-сойын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Жансая оқушы кезінен сахнада ән салып келеді. Мектеп оқып жүрген кезінен-ақ дәстүрлі ән, терме орындаушылар арасында ұйымдастырылған аудандық, облыстық байқауларда топ жарып жүрді. Қолына домбырасын алып, айтысқа шыққан кезі де болды. Біз бұл жерде Жансаяны асыра мақтап отырған жоқпыз. Негізінен ол мақтауға лайық әнші. Біздің айтпағымыз, Жансаяның таланты мен еңбекқорлығы. Қазір өзі телефонда уақытты босқа өткізіп жатқан бала көп қой. Не көріп жатқанын Құдай білсін! Бір жағынан оларға да үлгі болсын деп Жансая жөнінде мақала жазып жатырмыз. Жансая Сәрсенбаева мектеп оқып жүрген кезінде Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебіндегі дәстүрлі ән сыныбынан тағылым алды. Яғни бала кезінен халық әндері мен қазақ халық компо­зиторларының әндерін орындап келеді. Осының бәрі адамның санасына, тәрбиесіне әсер етпей қоймайды ғой. Ол әннің бәрі тұнып тұрған тағылым ғой. Қазіргі жас ата-аналар осыны ойлауы керек. Баланы әр түрлі үйірмелерге беріп, газет, кітап оқуды балаларға насихаттау қажет. Сонда баланың ойлау жүйесі де, қоғамға деген көзқарасы да бөлек болады. Әрдайым жақсы ой ойлап тұрады. Оның мысалы осы – әнші Жансая.
Жансая сөз жоқ, дарыны асқан шын талант иесі. Ал енді оның еңбек­қор­лығын айтсаңызшы. Кез келген байқауға ол жүрдім-бардым қатыса салмайды. Егер қатысуға пейілі ауса, оған үздік­сіз дайындалады. Оған былтыр Мэлс Өзбековтің әндерін орындаудан 6-рет ұйымдастырылған облыстық «Келші Құланға»» атты байқауда куә болғанбыз. Ол сол байқауда Мэлс Өзбековтің көп шырқала бермейтін «Көгершін алқабында» әнін орындаған еді. Осының өзі оның ізденімпаздығын көрсетпей ме? Осы байқауда Жансая Сәрсенбаева жүлделі бірінші орынды иеленді. Бұл біз көрген байқау ғана. Ал Жансая көптеген байқаулардан жүл­делі оралды. Айталық, 18-50 жас аралығындағы дәстүрлі әншілер арасында өткен облыстық «Ән мен жыр – халық қазынасы» атты облыстық байқауда жүлделі екінші орын, Кенен Әзірбаевтың әндерін насихаттау мақсатында өткен облыстық дәстүрлі әншілер байқауында жүлделі бірінші орын, жақында ғана Талдықорған қаласында Пышан Жәлмендеұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған «Сұңқар едім елдегі» атты республи­калық байқауынан арнайы жүлде еншілеп қайтты. Міне, Жансаяда осындай түрлі марапаттар көп. Біз осы жерде Жансая Сәрсенбаеваның нағыз кәсіби әнші екенін айта кетуіміз керек. Неге? Себебі ол Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Дәстүрлі ән» мамандығында оқып, Жетісу, Арқа мектебінен Есбол Шанбаевтың класында білімін жетілдіріп шыққан. Сол аралықта Құрманғазы атындағы консерваторияда атақты дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісовадан Батыс ән мектебі бойынша қосымша дәріс алған. Осының бәрі бүгінгі жас буынға үлгі ғой. Жақсы дүниеге талпынып, ізденіп, әрдайым білімге ұмтылған жас ұрпақтың өмірге деген көзқарасы да ерекше болады. Оның айқын мысалы мінеки, тағы да – Жансая! Қазір Жансаяның өзі де шәкірт тәрбиелеп жатыр. Оның шәкірттері де өздері қатысқан байқауда жүлде еншілеп жүр. Біз ол жөнінде кейінірек тағы да мақала жазатын боламыз. Әзірге осы жерден қысқа қайырайық.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: