Іскер меңгеруші

72 Views

Көгершін ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Данагүл Бодауова да еңбекқор жандардың бірі. Көгершін ауылында қандай да бір іс-шара өтсе, ол соған міндетті түрде тыңғылықты дайындалады. Өйткені жауапкершілікті түсінеді. Жауапкершілікті түсініп еңбек етіп келе жатқандықтан да оның еңбегін басшылық құрамда жоғары бағалайды. Мәселен, Данагүл Бодауова аудан әкімі Ернар Есіркеповтің қатысуымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне орай өткен кездесуде аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұған дейін де Данагүл Бодауова түрлі марапаттар иеленіп жүрді. Яғни аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың алғыс хаттарымен, сондай-ақ, 2023 жылы «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалімен де марапатталған.
Көгершін ауылында жаңа мәдениет нысанының салынып, пайдалануға берілгеніне 2 жылдың жүзі болды. Кезінде ауылда даңғарадай мәдениет ошағы болған жоқ емес, болды. Алайда, тоқырау жылдарында жекешеленіп, қаңыраған күйі бос тұрды. Әзірде солай. Дегенмен Данагүл Бодауова соған қарамастан жұмыс жасай берді, жасай берді. Қазір шүкір, 90 орындық жаңа мәдениет нысаны Көгершін ауылында бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ауылдағы мәдени көпшілік іс-шаралардың барлығы осы мәдениет үйінде өтеді. Біріміз басшы, біріміз қосшы демей, Көгершін ауылдық мәдениет үйінің ұжымы осылайша бірлесіп, өзгелерге ұйымшылдық пен берекелі бірліктің үлгісін көрсетіп, жұмыс жасап келеді. Осы құндылықтардың бір жерде тоғысуына әрине Данагүл Камаладинқызының еңбегі ерен деп айтуға толықтай негіз бар. 

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: