Өлеңі – өмірі
27 ViewsАстанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп…
Неке қию Пайғамбарымыздың сүннет амалдарына жатады. Араб тілінде – «Ән-никах» сөзінен туындайды. Шариғатта мағынасы қосылған әрбір жұптылықты халалдау мағынасында келтіріледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. хадисінде: «Некелесіңдер (үйленіңдер), көбейіңдер мен қияметте үмметімнің көптігімен мақтанамын»,- деген. Исламда жауапкершілік пен адалдықтың, адам жанымен жүрегінің тынышталуына себепкер болатын игі әрекеттердің бірі болып саналады. Неке қию – адамның Алла, қоғам және өзінің алдында үлкен жауапкершілікке бой ұсынуы. Бір-бірін сүйетін ер мен әйелдің өзара түсіністік, адалдық пен сабырлық принциптерін ұстана отырып, махаббат пен тыныштықты сақтап, бір-біріне қамқорлық етуге, өмірлерін жайлы жасауға және осы махаббат пен мейірімділік ортасында өз балаларын тәрбиелеп, бақытты да берекелі отбасын құруға бағытталған жауапкершіліктің бір түрі. Мұсылман адам өз қалыңдығын таңдау кезінде асықпауы қажет. Ол жоғары ислами ерекшеліктерге ие. Тұрақты және берекелі жанұялық өмірді қамтамасыз ететін бойжеткенді іздестіруі және тек сұлу жарды ғана таңдамай, келешек өз балаларының анасын да таңдайтындығын ұмытпауы керек. Сондықтан ол тек сұлулығына ғана қарамай, біріншіден оның дінге деген көзқарасына, ақылына және тақуалығына назар аударғаны абзал. Бұл мәселе бойынша хадис ғылымының атасы Әбу Һурәйра р.ғ. жар таңдау турасында Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. мына бір хадисті риуаят етеді:
«Әйелге мына төрт қасиеттің бірі үшін үйленеді; байлығы, тектілігі, сұлулығы және діні үшін. Ал сен діндарын таңда! Әйтпесе құтың қашып, қадірің кетеді», – дейді. Бірақ осымен қатар мінез-құлықтық ерекшеліктерін ескере отырып, қыздың сұлулығы да негізгі шарттардың біріне жататынын жоққа шығармаған. Некелік келісімшарт – Аллаһ алдындағы екі жақ арасында жасасқан қасиетті келісімшарт. Келісіп жатқан тараптар өзіне Исламның барлық міндеттерін орындауға жауапкершіліктерін алатынын белгілейді. Белгілі болғандай, Ислам неке қию рәсіміне ерекше назар аударады. Егерде неке қию шарттарының біреуі бұзылатын болса, неке рәсімі дұрыс орындалмаған болып есептеледі және құқықтық күшіне енбеген болады. Сондықтан осындай қате қиылған некеде туылған балалар «заңнан тыс туылған» болып саналады. Осыған орай неке қию рәсіміне қатысатындар некенің қалай қиылатынын білуі шарт. Егерде төрт шарттың барлығы орындалатын болса, неке дұрыс қиылған болады. Бұл шарттар келесідей:
1. Қамқоршының болуы және оның неке қиюға келісім беруі. Уәли ретінде басымдылық бойынша қалыңдықтың әкесі, атасы, ағасы, ағасының ер баласы, әкесінің ағасы және т.б. болуы мүмкін. Қалындықтың туысқандары болмаған жағдайда уәли ретінде жергілікті мешіттің имамы болуы мүмкін.
2. Қыздың келісімі.
3. Куәгерлердің болуы. Кем дегенде екі куәгердің болуы тиіс. Бұл мәселеде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сөзі бар: «Неке тек уәлидің болуымен және келісімімен кем дегенде екі әділ куәгердің болуымен орындалады».
4. Белгілі шарттардың ескерілуімен некелік келісімшарттың орындалуы.
Неке қию рәсімін кез келген тілде өткізуге рұқсат берілген. Бірақ бір шартты ескеру керек, ол куәгерлер айтылып жатқан сөздерді ұғу қажеттілігі.
Қалындықтың уәлиі мен куәгерлер келесі шарттарға сай болулары тиіс:
– олардың мұсылман болуы;
– кәмелеттік жасқа жетуі, өз сөздері мен әрекеттеріне бақылау жасауға мүмкіншіліктері болуы, Ислам қағидаларын сақтауы;
– тұрарлық адам болуы, демек, жоғары мінез-құлыққа сай болуы және ниеттері де таза болуы.
Бұдан басқа куәгерлер әлбетте есту, көру, сөйлеу қабілеттіліктеріне ие және естері дұрыс болуы керек.
Неке қиюдың алдында жігіт әйеліне маһр береді (тікелей аударғанда — төлем). Маһрдің көлемі аз болса да, неке кезінде белгілеу сүннет болып саналады және оның қалыңдық үшін берілуі заңмен белгіленген. Көптеген халықтың әдет-ғұрыптарында қалыңмал қалыңдықтың ата-анасына беріледі. Ал шариғат белгілеген заңдар бойынша қалыңмал тек әйелдің өзіне берілуі тиіс екендігін атап өткен орынды болады. Мұның барлығы жанұяда келісім мен бейбітшілік орнатуға арналған шаралар. Егерде жанұя салиқалы болса, онда қоғам да дұрыс үрдісте дамып, келісім мен тұрақтылыққа жететініне күмән болмайды. Қазіргі заманда орын алып жатқан көптеген мәселелердің шешімі табылатынына да сенім бар. Демек, Ислам некені өте маңызды міндеттердің бірі ретінде санайды және ерлі-зайыптылардың одағында ізгілік пен татулықты орнату үшін белгілі іс-шаралардың атқарылуын міндеттейді.
Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.