Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді

46 Views

Сылбыр аяңмен үйге қарай жүріп келемін. Ойға ерік беріп. Айналаға, адамдарға көз тастап. Бір уақ көзім жерде умаждалып жатқан «Қазақстан» шоколадының сыртқы қағазына түсіп кетті. Еліміздің мемлекеттік туы бейнеленген қағаздың өңі қашып, сарғаюға айналған. Мыжылған қағаз, яғни көк ту бейнеленген қағаз біршама дүниелерді еске түсірді. Осыдан бірер жыл бұрын белгісіз бір адамдардың туды қоқысқа тастап жатқандары ойға оралды. Қайбір жылы Қазақ спортшыларының ішкиіміндегі көктудың бейнеленуінің көзге түрпідей тигені тағы ойлантты. Шыр айналған Елтаңба. Оған мойын бұрмаған ел тұтқа. Умаждалған қағаз – умаждалған сана.

Әрине, қарапайым қағаздың жерде жатуы үлкен патология болмауы мүмкін. Менде бұл тұрғыда фанатиктердің қатарынан емеспін. Әсіре патриотизмге бас қойып, жалған гуманизмнің жетегінде кететінде мен емес. Алайда, осындай мәселелерге өте сақ болуымыз керек секілді. Ар мен намыс, еңбек пен тер, күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндердің жемісі болған мемлекеттік рәміздерге атүсті қарау – үлкен қателік. Оны қастерлеп қолданып, қасиетке бөлегеніміз жөн.
4 маусым – Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік рәміздер күні. Осы күнге орай мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы мен оның авторларына тоқталғым келіп тұр. Мақала жазу барысында мемлекеттік рәміздер туралы кәнігі жұрт білетін ақпаратты баяндаудан аулақ болуға тырыстық.
Туды «тудыруға» 600-ге тарта автор қатысқан
Ел етегін енді жиып жатқан 90-жылдардың басында тәуелсіз елі­міздің мемлекеттік рәміздерін жа­сауға байқау жарияланғанын көпшілік жұрт жақсы біледі. Соның ішінде туды «тудыруға» 600-ге тарта қылқалам шеберлері мен дизайнерлер қатысқан екен. Белгілі суреткер Шәкен Ниязбеков те бұл байқауға қатысуға бел байлап, өзінің эскизін ұсынады. Байқау бірнеше кезеңнен өтеді. Әрине, байқау болған соң, бармақ басты, көз қысты әрекеттер орын алып, байқаудың соңғы кезеңдерінде әркім өз жақтаушысына қарай ойысатынын суреткер Шәкен өзінің бір сұхбатында айтады.Талай талқылаулар да болды, талай айтыстар да болды. Кезек Шәкен Ниязбековтің эскизіне түскенде біршама комиссия мүшелері суреткердің жұмысына шүйлігіп, сан салалы сауалдарын қояды. Иланбай, көндікпей тұрған комиссия өкілдеріне Шәкен Ниязбеков: «Тудың түсі көк. Себебі, біз тәңірінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, Қазақ елінің рәмізі» дегеннен кейін барып сол жерде отырған барша жан суреткердің негізгі идеясын түсінгендей болды. Яғни, ту арқылы қазақ халқының еркіндік пен азаттыққа ұмтылғанын, биікті бағындырғысы келетінін ұғындырды қылқалам шебері. Таза шығармашылық еңбек арқылы туындаған Шәкен Ниязбековтің туындысы бұл күні биік тұғырларда желбіреп тұр.
«Елтаңба – еліме деген сүйіспеншіліктен туған дүние»
Елтаңба тумен қатар тұратын, Тәуелсіз елдің нағыз бейнесін танытатын белгілердің бірі. Жоғарыда айтқанымыздай, Елтаңба жасауда да республикалық деңгейде үлкен байқау жарияланады. Байқауға жалпы саны 245 эскиз түсіпті. Бұл конкурсқа белгілі қылқалам шеберлері Шота-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков те қатысып, өздерінің жұмыстарын ұсынады. Геральдика саласына елеулі үлес қосқан қос тұлға бұл байқауға тыңғылықты түрде дайындалыпты. Тарих кітаптарын ақтарып, кезіндегі Елтаңбалардағы ерекшеліктерді саралайды. Анығында, Елтаңбаны халқымыздың салт-дәстүрімен, менталитетімен байланыстырып жасауға кіріседі. Бұл туралы Шота-Аман Уәлиханов: «Мен өмір туралы, халқымыз туралы көп ойланатынмын. Елтаңбаның бейнесі түсіме кірді: үлкен ақ самұрық құс қанатын қағып, оның қанаттарының ортасынан жарқыраған күн сәулесі көрінді. Менің көзім жұмылып кетті, кейін көзімді ашсам, күннің Шаңыраққа айналғанын көрдім. Түсімде көрген нәрселерді таңертең қағаз бетіне түсірдім. Бұндай идея мені еліктіріп жіберді. Тарих туралы, қазақ этнографиясы туралы кітаптар оқыдым. Жұмыс процесінде ауқымды және бай тарихи, археологиялық материал жинақталды. Көркем-бейнелі республикамыздың Елтаңбасы дәстүрмен және еліміздің тарихымен байланысып, оның жаңа кезеңдегі дамуының гуманистік бағыты мен ерекшеліктерін сипаттауы керек болды» – дейді. Осы бағытта көп ізденген суреткерлер ақыры елдіктің ерен үлгісін көрсететін Елтаңбаны жасайды. Елтаңба да бейнеленген әр белгінің өзіндік мәні мен мағынасы бар. Түртіп қалсаң, тарих пен тағылым тіл қатады. Елтаңбаның тағы бір авторы Жандарбек Мәлібеков: «Елтаңба – еліме деген сүйіспеншіліктен туған дүние» деген екен. Расында, үлкен қажыр-қайратты талап ететін жұмыстың нәтижесінде өшпес туынды дүниеге келді.
Жүрегіме тұмар ғып түйген Әнұран
Шәмші Қалдаяқов жаны нәзік, жүрегі қырық жамаулы сазгер. Оның әсем лирикаға құрылған біршама әндері бар. Ал оның «Менің Қазақстаным» әні бүгінде әрбір қазақтың бойтұмарына айналды. Тіпті, әннің шығу тарихы да ерекше. Өткен ғасырдың 50-жылдарында Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысында тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны жүргізіліп, бұл өлкелерді Ресей тарапына қосу әрекеті жүріп жатты. Осындай солақай саясатты көзімен көріп, жүрегімен сезінген сазгер елдің еңсесін көтеретін, рухын шарықтатын ән жазуы керектігін түсінеді. Шалқыма шабыт пен бойдағы көңіл-күйдің әсерімен жаңа ән туындайды. Ол – «Менің Қазақстаным» еді. Сазгердің өзі де: «Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді» деп өзінің азаматтық позициясын танытқан. Кейіннен бұл әнге белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденов сөз жазады. Ал қазақтың жезтаңдай әншісі Жамал Омарова «Менің Қазақстаным» әнін радиоға жаздырып, өмірінің соңына дейін осы әнді айтып өтті.
Қарап отырсақ, Шәмші де, Жұмекен де сол шақта 25-ті алқымдаған жастар. Елім деп соққан жүректеріндегі жалынды қандай құдіретпен теңгерсек те, жарасымды. Ал сол тұлғаларды қазіргі кездегі 25 жасар жігіттер мен салыстыра аламыз ба? Ауыр сұрақ. Біз олар атқарған жұмыстың ширегін де жасамадық…
Сонымен қатар 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан жастар осы әнді жүректеріне тұмарғып тағып, қақаған суықты «Менің Қазақстаным» әнімен жібіткен. Барша Алматы «Менің елім, менің елім» деп күңіреніп тұрды. Оған куә – алаңда аққан тер мен төгілген қан. 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік Әнұранға бірқатар өзгерістер енгізген болатын. Ал қазіргі таңда осы «Менің Қазақстаным» әні әлемдік ареналарда шырқалып, барша қазақтың қасиетіндей болып кетті.
Сылбыр аяңмен үйге қарай жүріп келемін. Ойға ерік беріп. Айналаға, адамдарға көз тастап. Бір уақ көзім тағы да жерде умаждалып жатқан «Қазақстан» шоколадының сыртқы қағазына түсіп кетті. Умаждалған, сарғайған қағаз. Еңкейіп, сол қағазды көтерген күйі ойланып қалдым. Әрине, мен оны қоқыс жәшігіне салсам да болар еді. Бірақ мен оны неге екенін білмеймін, қоқысқа емес, қалтама салдым. Қоқыстан гөрі қалтамда жүргенін жөн көрдім. Қызық.

АХМЕТ ҚАНАТҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: