Жастар неге әскерге баруға құлықсыз?

201 Views

Қазақта «Ер – елінің қорғаны» деген сөз бар. Бұрынғы заманда ер азамат үшін әскери борыш – парыз ғана емес, ерлік пен мәрттіктің мектебі саналатын. Алайда бүгінгі таңда көп жастар әскерге баруға құлықсыз. Бұл құбылыстың себептері сан алуан және оларды біржақты бағалау қиын. Бірден бір себеп – қазіргі қоғамдағы қауіпсіздік түсінігінің өзгеруі. Бұрын әскери дайындық ел қорғаудың басты кепілі болса, қазір көптеген жас осы кезде білім мен технология заманы деп ойлайды. 

Жоғары білім алып, шетелде оқу, жеке кәсіп ашу немесе жұмыс істеу маңыздырақ көрінеді. Уақытты әскери қызметке емес, өзін дамытуға жұмсағысы келеді. Бүгінде бейбіт елдің баласы үшін әскер – тек міндет емес, ел мен ердің арасындағы рухани көпір. Бірақ соңғы жылдары кейбір жастар арасында әскерден жалтару, қорғаныс саласына немқұрайлық таныту үрдісі байқалып жүр. Бұл – қоғам үшін дабыл қағарлық мәселе. Ендеше әскерді тек борыш деп емес, мүмкіндіктер алаңы ретінде қабылдайтын кез келді. Әскер қатарынан оралған азамат өзін ғана емес, отбасын, қоғамды, болашақ ұрпақты қорғауға лайықты тұлғаға айналады. Бұл – өмірлік тәжірибе нағыз ердің мектебі. Көп жағдайда әскер туралы ескірген, біржақты түсініктер жастардың қызығушылығын төмендетеді. Қазіргі әскери қызмет – физикалық дайындықпен қатар технологиялық сауаттылықты, көш­бас­шылық қабілетті дамытатын орта. Қа­зір­гі таңда мемлекет тарапынан әскери қызметке шақырылған жастарға түрлі әлеуметтік қолдау көрсетілуде:
– тегін жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі;
– әскери жеңілдіктер мен әлеуметтік пакет;
– кәсіби әскери мансап құру жолы;
– шетелдік оқу бағдармалары мен жаттығуларға қатысу мүмкіндігі.
Қазақ тарихында ер азаматтың мәртебесі ешқашан тек сөзімен өлшенген емес. Нағыз ер азамат – елін қорғауға, отбасына қорған болуға, туған жеріне тірек болуға дайын азамат.Ұлт тарихын парақтасақ елін, жерін қорғаған батыр бабаларымыз ешқашан жаудан именген емес.
Қарапайым қазақ баласы үшін қолына қару алу – ел алдындағы ең үлкен құрмет әрі қасиетті борыш болған. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай Құттымбетұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы – бәрі де бір уыс ел үшін жанын пида етті. Олар үшін ұрыс алаңы – нағыз ерліктің сынағы еді. Бүгінде сол ерліктің ізбасары болуға тиіс ұрпақ әскерден жал­таруға, айналып өтуге не себепті тырысады? Бұл сұрақ – тек жастарға ғана емес, жалпы қоғамға үлкен ой салатын сауал. Көптеген жастар әскерге бармаудың әртүрлі себептерін айтады. Бірі – денсаулығына сілтейді, енді бірі – оқуы мен жұмысын алға тартады. Енді бірі «Уақытым зая кетеді» деп санайды. Бірақ бұл көбіне шынайы себеп емес, сылтау. Негізгі түйін – ел алдындағы жауапкершілік пен азаматтық ұстаным­ның әлсіреуі.
Бүгінде ақпарат заманы. Әлеу­меттік желі, ютуб, тик ток сынды платформалардан алған үстірт білім, «жеңіл өмір» культі – жастардың санасын басқа бағытқа бұрып жібер­гендей.
Ер азамат болу – ақша табу, сәнді киіну немесе көлік тізгіндеу ғана емес. Еркектік – бұл алдымен рух пен жауапкершілік. Нағыз ер адамның бойында намыс, тәрбие, тәртіп пен табандылық болуы керек. Бұның бәрі дәл бүгінгі заманда армия арқылы қалыптасатыны анық. Әскер – жай ғана 1 жыл өткізетін жер емес. Бұл – жігіттің өмірге деген көзқарасы өзгеретін, өз-өзімен бетпе-бет келетін, шыңдалатын ерлік мектебі. Онда тәртіпке бағынасың, ұжыммен жұмыс істеуді үйренесің, қиындыққа төтеп беруді, бұйрық орындауды, шектеулі мүмкіндікте шешім қабылдауды үйре­несің. Бұл өмір бойы қажет болатын дағдылар. Бүгінде көптеген табысты кәсіпкерлер, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері әскерді өміріндегі үлкен мектеп ретінде сипаттайды. «Әскерге барғаннан кейін ғана нағыз ер азамат болдым» – дейтін сөздерді жиі естиміз. Қазақ халқы «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді. Бұл жай ғана мақал емес, бұл ұлттың болмысын, ер адамның табиғатын сипаттайтын дана сөз. Ер жігіттің шын намысы – отанға адал болуында, елі үшін әрқашан дайын тұруында. Бұл нағыз батырлық.
Еліміздің шекарасы, ішкі тұрақ­тылығы, халықтың тыныштығы – осының бәрі сенімді қорғаны бар елге ғана бұйырады. Ал сол қорғанның негізі – әрбір саналы, рухы биік азамат. Әскер – ұлттың арқауы, ердің айнасы. Қазақ баласы ежелден «Ер жігіт ел үшін туады» деген ұғыммен өскен. Бүгінде бұл сөздер қағаз бетінде қалмау керек. Жастарды жігерлендіру үшін мектептен бастап патриоттық тәрбие мен әскери дайындықты қызықты, заманауи форматта ұсыну – маңызды қадам. Мүмкін біреу үшін бұл 1 жыл ғана шығар. Бірақ ел үшін бұл өмір бойы қалатын сенім мен жауапкершілік. Әскер – сенің ертеңгі сенімді адымың, азаматтық болмысыңның айнасы. Әскер – шектеу емес, шексіз мүмкіндіктер алаңы. Жастар бұл жолды таңдау арқылы тек ел алдында парызын өтеумен шектелмейді, өздерін қайта ашып ерлікке бір қадам жақындайды.

Азиза Жексен.

Поделиться ссылкой: