Мемлекеттік Рәміздер – ұлтымыздың болмысы
Мемлекеттік Рәміздер – бұл елдің егемендігін, тұтастығын, бірлігін білдіретін қасиетті белгілер. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың өткені мен болашағын, рухын, болмысын дәріптейтін ұлттық нышандар.
1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері ресми түрде бекітіліп, бұл күн ел тарихында мәңгілікке алтын әріппен жазылды. Бұл күн – тек естелік дата емес, елдік сана мен ұлттық рухты жаңғыртатын ерекше күн.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – көгілдір түсті, ортасында алтын күн мен қыран бейнеленген, ал сол жағында ұлттық өрнек орналасқан. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.Көк түс – ашық аспан мен бейбіт өмірдің белгісі. Бұл түс түркі халықтарының дәстүрлі түсі болып саналады.Күн – өмір мен жарықтың, молшылықтың нышаны.
Қыран – еркіндік пен елдік мұраттың белгісі.Ал ұлттық өрнек – қазақ халқының терең тарихынан сыр шертеді.Шәкен Ниязбеков ту жобасының 67 түрлі нұсқасын жасаған. Соның ішінен қазіргі көк Ту таңдалып, халықтың мақтанышына айналды.
Елтаңба авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Оның негізінде — киелі шаңырақ орналасқан. Шаңырақ – қазақ үшін отбасы, бірлік, тұтастықтың символы. Шаңырақтан тараған уықтар күн сәулесіндей шашырап, елдің беріктігін білдіреді. Екі жақтағы мифтік тұлпарлар – ел ертеңіне сенім мен ерліктің бейнесі.
Жоғарғы жағында бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Елтаңба конкурсына 245 жоба ұсынылған. Қазіргі үлгі ең озық деп танылып, мемлекеттік деңгейде қабылданды. 2022 жылы жазуы кириллицадан латын қарпіне ауысып, «QAZAQSTAN» болып өзгертілді.
– Әнұран – жүректен орын алған ән. Бүгінгі мемлекеттік Әнұран – халқымыздың шынайы рухын танытатын шоқтығы биік туынды. Ол 2006 жылы қабылданды. Негізі – 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» әні. Сөзін жазған – Жұмекен Нәжімеденов, өңдеп толықтырған – Нұрсұлтан Назарбаев. Ән авторы – Шәмші Қалдаяқов. Әнұранда туған елге деген сүйіспеншілік, тәуелсіздікке деген мақтаныш, болашаққа деген сенім жырланады. Ол елдің рухын көтеріп, азаматтық жауапкершілікті арттырады. «Менің Қазақстаным» алғаш рет шекара, жер тұтастығы мәселелері көтеріле бастаған 1950-жылдары жазылған. Бұл ән сол кезде-ақ халық жүрегінен орын алған болатын.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. ҚР Конституциясында және «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңда бұл нақты жазылған. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық білім беру мекемелерінде апталық саптар Әнұранмен басталып, Туға тағзым етіледі. Бұл – жастар бойында отансүйгіштік пен ұлттық сана қалыптастырудың жарқын көрінісі.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттың тарихи жолы мен болмысын білдіретін құндылықтар. Олар – жай сурет немесе ән емес, бұл – елдің ертеңіне деген сенімнің, тәуелсіздіктің және рухтың нышаны. Сондықтан әр азамат Туын құрметтеп, Елтаңбасын мақтан тұтып, Әнұранын шын жүректен айтуы керек. Бұл – біздің елдігімізге, тәуелсіздігімізге деген шынайы құрмет.
Мерей СЕЙСЕН,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университеті Web-журналистика мамандығының 1 курс студенті.
