Өлеңі – өмірі
27 ViewsАстанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп…
Биыл Тұрар Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетіне – 85 жыл толып отыр. Бұл мерекелі датаға орай аудандық газеттің шығармашылық ұжымы басылым бетінде арнайы айдар да ашып, мақалалар жазып тұрды. Ол оқырман тарапынан жоғары бағаланып, ізгі лебіздер легі газеттің электрондық поштасына да келіп жатты. Әрине ол біз үшін үлкен мәртебе десек болады. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесіне орай, біз 85 жылдық мерейтойлық шараның негізгі детальдарын дайындап, жазған едік. Материалдың жазулы нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мақтанған жақсы-ақ әрине! Газеттің тарихын парақтап, білген-түйгенімізді қағазға түсіре беруге де сөз жетпейді емес, жетеді. Біз оны мақсат тұтпадық. Себебі маусым айының 20-сы күні жарық көрген газеттің 46-шы нөмірі аудандық басылымның 85 жылдығына арналды. Сондықтан сағызша созып, газеттің шығу тарихына, онда қызмет еткен еңбек адамдарына көбірек тоқталмай, көбіне-көп маусымның 20-сы күні өткен іс-шаралардың маңызына басымдықты берсек дейміз.
Қош. Сонымен «Құлан таңы» газетінің ұжымы мерейлі 85 жылдық жылнаманы атап өту мақсатында іс-шаралар жоспарын түзіп, жоспарланған шаралар ойдағыдай өткізілді. Алдымен осы іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар редакция ғимаратына келіп, ұжыммен тілдесіп, пікір алмасты. Осы арада айта кеткеніміз жөн, газеттің бас редакторы Нұрлан Бықыбаевтың ұсынысымен Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың архив қорынан «Құлан таңы» газетінің 1941-1991 жылдары аралығында жарық көрген нөмірлері алынып, арнайы қағазға беттеліп, жинақталды. Бұған дейін де газетіміздің 1980 жылдардағы нөмірлері кітапқа жинақталған болатын. Осы жинақталған газет тігінділерінен көрме инсталяция жасалып, келген қонақтардың назарына ұсынылды. Келген қонақтар, яғни аға буын қаламгерлер де сонау 1980-1990 жылдары газет шығару ісі оңай болмағанын тілге тиек етіп, сол кездегі қиындықтардың себеп-салдарымен бөлісіп, ойларын ортаға салды.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсілді жұқамыр жүрекке мықтап сақтаған ұлттың ұрпағымыз ғой. Жасыратыны жоқ, аудандық басылымда небір мықты азаматтар еңбек етті. Олардың да бұл газет құтханасында табанының ізі, қаламының бүрі, жасаған ерен істері қалды.
Осы күні олардың да жазған, айтқан әңгімелері арагідік редакция ұжымында айтылып жатады. Біз де оны редакциядан өндірістік іс-тәжірибеден өткен жас тілшілерге де үлгі-өнеге ретінде айтып жататын кезіміз болады. Ардагер журналист Сейсен Қожеке «Құлан таңы» газетінде еңбек етіп, есімдері елдің есінде қалған, өмірден озған алдыңғы толқын ағалардың рухына арнап Құран оқыды.
Содан соң іс-шара «Бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы» КММ-сінде жалғасып, онда Тараз шаһарынан 85 жылдық мерейтойға арнайы уақыт бөліп келген республикалық «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы әрі қаламгер Ғалым Қасабай, ардагер журналистер Амангелді Әбіл, Жарылқасын Нұралиев, Сейсен Қожеке, Тұрсынхан Жаманбаев, Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсенәлі Молдақұлов, Меркі аудандық «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Алихан Нұралиев бастап, «Құлан таңы» газетінен еңбек жолын бастаған ақын, осы күні республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев қостаған аға буын әрі замандас әріптестер 85 жылдық датаға орай ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың көрігін қыздырды.
Асық ату, дойбы және дардстан өткен спорттық жарыстардың корытындысы мынадай болды. Асық атудан жүлделі үшінші орынды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайл иеленсе, жүлделі екінші орын ардагер журналист, ауданның Құрметті азаматы Сейсен Қожекенің еншісіне жазылды. Ал, жүлделі бірінші орынды ерекше ойын өрнегі мен шеберлігін көрсете білген «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы әрі қаламгер Ғалым Қасабай жеңіп алды. Ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаевқа, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлына, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаевқа жақсы ойын өрнегін көрсете білгені үшін ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Дойбыдан жүлделі үшінші орынға ардагер журналист әрі қаламгер Қуаныш Иембердиев ие болса, спорттық іс-шараларға белсене қатысқан Сейсен Қожеке бұл спорт түрінен де жүлделі екінші орынды өз қанжығасына жазды. Аудандық «Құлан таңы» газетінде 5 жылдан аса уақыт бас редактор болып қызмет етіп, зейнетке шыққан Мұратбек Өмірзақов қарсылас шақ келтірмей, жүлделі бірінші орынға ие болды.
Дардстан жүлделі үшінші орынға ардагер журналист Жарылқасын Нұралиев ие болса, жүлделі екінші орын «Құлан таңы» газетінде жұмыс істеген, осы күні №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде әдіскер болып еңбек етіп жүрген Нуриддин Қошалиевтің еншісіне бұйырды. Ал, жүлделі бірінші орынды өзінің алғырлығы мен мергендігін көрсете білген, қарсыластарға еш мүмкіндік бермей, көп ұпай жинаған Меркі аудандық «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Алихан Нұралиев жеңіп алды. Осы 3 ойын түрінен жүлдегер әрі жеңімпаз атанған азаматтардың барлығына алғыс хаттар, медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Содан кейін іс-шара Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тауып, келген қонақтар дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараның куәсі болды.
Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы сөз сөйлеп, ашып берді. Ол сөзінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген ұлағатты сөзін айтып, «Құлан таңы» газетінің ұжымын 85 жылдық мерейтоймен құттықтап, ауданның рухани өмірінде бұл газеттің өзіндік орны бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, іс-шарада облыс әкімінің кеңесшісі, ақын Хамит Есаман да ізгі лебізін білдіріп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып беріп, оны газеттің бас редакторы Нұрлан Бықыбаевқа табыс етті. Содан соң «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы, «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай сөз сөйлеп, арнайы әкелген кәдесыйларын да бас редакторға табыстады. Одан кейін ардагер журналистер Москау Нохрабеков, Сейсен Қожеке, Тұрсынхан Жаманбаев, Жарылқасын Нұралиев, «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсенәлі Молдақұлов, «Құлан таңы» газетін басқарған Серікбай Өтегенов, «Jambyl» телеарнасының шеф редакторлары Бақытжан Советұлы
мен Қасымжан Байкүшіков те сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты шара соңында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы газеттің 85 жылдық мерейтойымен құттықтап келген журналистиканың сардарларына алғысын білдіріп, олардың бірқатарына Алғыс хат табыс етті.
Марат Диханбай.