Қос мереке аталып өтті

89 Views

Шілде айының алғашқы күндері еліміздің басты мерекелерінің бірі – Астана күні мен халқымыздың ұлттық рухын айшықтайтын Ұлттық Домбыра күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Бұл қос мереке ауданда да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, елдің еңсесін көтеріп, рухани демалыс сыйлады.

Мерекелік шара Салық басқармасының артындағы көрікті саябақта өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған бұл жиынға аудан тұрғындары көптеп жиналды. Алаң мерекелік әшекейлермен безендіріліп, ұлттық нақыштағы сән-салтанат бірден көзге түсті. Балаларға арналған ойын алаңдары, қолданбалы өнер көрмелері мен тағам жәрмеңкелері де жұртшылықтың көңілінен шықты.
Шара барысында аудан халқына рухани сый жасаған – аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары болды. Олар көпшілікке әннен шашу шашып, ұлттық нақыштағы күйлерді орындап, тыңдарманды тебірентті. Әуезді әндер мен сырлы күйлер көрерменді еріксіз елжіретіп, ұлы даланың ұлылығын сездірді. Домбыраның қоңыр үні көпшілікті өткенге жетелеп, ұлттық болмыстың мәңгілігін тағы бір мәрте дәлелдегендей әсер қалдырды.
Мерекелік кеш барысында ұйымдастырушылар домбыраны қолға алып, ұлттық аспаптың макетін жасап, бір мезетте күй шертті. Бұл бастамада концертке келген көпшіліктің көңілінен шығып, шараға қатысушылар ыстық ықыласқа бөленді.
Кеш соңында тұрғындар ризашылықпен тарқасты. Осындай игі шаралар халқымыздың ынтымағын арттырып, ұлттың рухани жаңғыруына серпін берері сөзсіз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: