Ұстазың жақсы болса, ақылың көбейеді

294 Views

Өткен сейсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман» деген тақырыпта жыл сайын өтетін мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов пен аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов қатысты.
Пленарлық отырыста аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов баяндама жасады. Мұратбек Айтымбетұлы өз баяндамасын:
– Тамыз конференциясы – еліміздің білім саласындағы маңызды оқиғалардың бірі. Бұл басқосу – өткен оқу жылының жетістіктерін саралап, жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттерімізді айқындайтын, ұстаздар қауымын ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды алаң. Білім – ел болашағының кепілі, ал ұстаз – сол болашақты қалыптастыратын тұлға. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершілік зор. Бүгінгі таңда білім берудің жаңа мазмұны, цифрлық дәуірдің талаптары, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі – барлығы да біздің күн тәртібіміздің өзекті мәселелері болып отыр. Т.Рысқұлов ауданының білім бөлімінің желісінде 39 мектеп (29 орта, 2 негізгі, 8 бастауыш), 28 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі және 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті балаларға тәрбие мен білім береді,– деп бастады.
Әрине бүгінгі таңда республика бойынша білім саласына айрықша назар аударылып отыр. Оны ел Президенті де ұдайы айтып жүр. Біздің ауданда да білім саласына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Оны аудандық білім бөлімі басшысының сөзі де қуаттайды.
– Білім – мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің басты кепілі. Қай елдің болсын болашағы ең әуелі оның білім беру жүйесінің деңгейімен өлшенеді. Сондықтан білім саласын қаржыландыру – қоғамның интеллектуалды әлеуетін арттыруға, жас ұрпаққа сапалы білім беруге, кәсіби білікті мамандар даярлауға бағытталған ең маңызды инвестиция. 2024-2025 оқу жылында ауданның білім беру саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 19 млрд. 515 млн. теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 818 млн. теңгеге артқан. Алдағы оқу жылына 176 млн. 353 мың теңгеге оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алынды. Балалардың мектепте білім алуымен қатар, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі – басты назардағы мәселе. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек білім беру ұйымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда білім ордаларында оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдай жасау, тәртіп пен тәрбие арқылы алдын алу шараларын күшейту маңызды бағыт болып табылады. Бүгінгі күні аудандық білім бөліміне қарасты 39 мектеп 540, 28 балабақшада 391, 5 қосымша білім беру ұйымдары 30 бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген, – деді Мұратбек Сванов.
Жағдай жасалып жатқан соң нәтиже де жақсы болуға тиісті ғой. Баяндамада ол мәселе де айтылды. Мәселен 2024-2025 оқу жылында 10 педагог халықаралық, 18 педагог республикалық, 43 педагог облыстық конференцияларға педагогикалық оқуларға қатысса, 28 педагог облыстық байқаулардан жүлдегер атаныпты. Мектеп оқушыларының да олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарындағы жетістігі нәтижелі екен.
Айталық, 186 оқушы облыстық олимпиадаларға қатысып, 73-і жүлделі орындарды иеленсе, шығармашылық бағыттағы байқаулардың облыстық кезеңіне 342 оқушы қатысып, 270-і жүлделі орындарға ие болған. Республикалық кезеңіне қатысқан 15 оқушының 12-сі жүлделі орындарды иеленген. Дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде Гүлнар Сәмбетқұлова, Нұрдәулет Саламат, Гүлмира Сәттерқұлова, Айкенже Баймахан, Толқын Бәйтікова, Лаура Қойшыбаева, Бағдат Баягизов сынды ұстаздардың еңбегін ерекше атап өткеніміз абзал.
Ауданымыздан «Айқанат» интеллектуалды олимпиадасынан 13 оқушы жүлделі орындарға ие болса, №1 мектеп-лицейінің оқушысы Кәусар Амангелді, Т.Рысқұлов мектеп-лицейінің оқушысы Айқын Құрманбек республикалық «Айқанат» мектебінде оқуға мүмкіндік алып отыр екен. Өткен оқу жылында 37 түлек «Алтын белгі», 58 түлек «Үздік аттестат» иеленіпті. ҰБТ-да 26 «Алтын белгі» иегері 100 балдан жоғары, 12-сі 90 балдан жоғары, 6-ауы 80 балдан жоғары, 3-еуі 70 балдан жоғары нәтиже көрсеткен. Ал «Үздік аттестат» иеленген 58 оқушының 26-сы 100 балдан жоғары, 12-сі 90 балдан жоғары, 6-ауы 80 балдан жоғары, 3-еуі 70 балдан жоғары нәтиже көрсетіпті. Яғни шекті деңгейден өтпеген «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегері жоқ. Осы тұста өз баяндамасында Мұратбек Айтымбетұлы да аудан бойынша ең жоғары 134 балл иеленген «Алтын белгі» иегері, Жамбыл атындағы орта мектептің түлегі Аружан Төреханның есімін атап өтті.
Жыл сайын білім беру мекемелері қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асыру мақсатында облыстық білім басқармасы аудандық білім бөлімдерімен бірлесе аудан мектептерін рейтингтік бағалауды жүзеге асырып келеді. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Құлан тірек мектеп-гимназиясы, Абай және Р.Смаилов атындағы орта мектептері даму режимінен, өзін-өзі дамыту режиміндегі мектептер қатарына қосылып, білім беру ұйымдары жұмысының оң динамикасын көрсеткен екен. Облыстық көрсеткіш бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен Ақтоған орта мектебі «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясын және 1 млн. теңгенің сертификатын иеленіпті. Бұл жетістік – ауыл мектебінің де жоғары сапалы білім беріп, үздік нәтиже көрсете алатынының дәлелі. Сондай-ақ, ұстаздардың еңбегінің, оқушылардың талпынысының және ата-аналардың қолдауының жемісі. Бұл жеңіс – барша ауыл мектептеріне үлгі боларлық үлкен жетістік екені сөзсіз.
Содан соң аудандық білім бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов «Білімді ұрпақ – білікті ұстаздан», аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова «Педагог мәртебесін көтерудегі әлеуметтік әріптестіктің рөлі», Жамбыл атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айбек Сайлаубаев «Ұлттың жаңа келбеті: Адал азамат – ұлтжанды тұлға» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Пленарлық отырыста аудан әкімі Ернар Есіркепов те баяндама оқып, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Биыл Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары, Малдыбай ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша жаңа мектеп ғимараты салынуда. Жаңатұрмыс ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осының бәрі аудан басшысының баяндамасында айтылды.
Одан кейін білім саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға марапат табыс етілді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің үй жай тазалаушысы Гүлжан Өмірбекова, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінің үй жай тазалаушысы Гүлзада Серікбаева, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің үй жай тазалаушысы Гүлзира Ахметова марапатталса, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің директоры Ербол Қайпулдаев, №6 мектеп-гимназиясы директорының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Оңалбекова, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Мақпал Оңланбай, Өнер мектебінің «Шебер қолдар» үйірмесінің мұғалімі Жанай Татаев, Қорағаты шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асел Жамболатова, Ақтоған шағын орталықты орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұрасбек Байшемиров марапатталды.
Ал Бірлес орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Фарида Рахметилдаева, Ыбырай Алтынсарин атындағы шағын орталықты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлида Шарипбекова, Ақыртөбе орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дамира Бүркеева, Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектебінің математика пәнінің мұғалімі Мұратжан Досымқұлов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлбағира Нұралиева, Қорағаты шағын орталықты орта мектебінің директоры Дархан Буламбаев, Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектебінің мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі Гүлзира Шабденқызы аудан әкімінің алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың алғыс хатымен Қорағаты шағын орталықты орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Райхан Әлімқұлова, №5 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Асанбаева, Алғабас орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Бекзат Мұхаметжан марапатталды.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасымен №3 шағын орталықты орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Күлдари Кешубаева, Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Махаббат Иманқұлова, Максим Горький атындағы орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Талғат Тоқтыбаев марапатталса, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Алғыс хаты Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің меңгерушісі Сұлушаш Оспанова, Юрий Гагарин атындағы негізгі мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Назым Тәукебаева, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айсұлу Жарылқасыноваға табыс етілді. Ал «AMANAT» партиясы аудандық филиалы төрағасының алғыс хаты Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектебінің алғашқы әскери дайындық жетекшісі Еламан Әбіш, №1 мектеп-лицейінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Жандос Адибаев, «Бәйшешек» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Асем Түлепбаева, Әлихан Бөкейханов орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Асия Сүлейманова, Райымбек Смайлов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Балжан Оразбековаға табыс етілді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: