Адал ризық – берекенің бастауы

16 Views

Адам баласы өмірге келген соң тағдырына жазылған нәсібі болады. Пенде қаласа да, қаламаса да ол нәсібі келе береді. Мұны ризық-несібе дейді. Алла Тағаланың көркем есімдерінің ішінде «Әр-Раззақ» – Ризық Беруші деген есімі бар. Ризық сөзінің тілдік мағынасы «күндік тағам», «үлес»  дегенді білдіреді. Шариғаттық терминде «Алла Тағаланың әрбір тіршілік иелеріне берген қорегі» деген сияқты мағынаны аңғартады.

Дүниедегі әрбір тіршілік иелерінің ризық-несібелері Алла Тағаланың тарапынан алдын ала белгіленіп қойылған. Белгіленіп қойылған ризық азаймайды да, кемімейді де. Өзіне тиесілі ризығымен ризықтандырылмай ешбір тіршілік иелері, мейлі жан-жануар, мейлі жәндіктер болсын баршасы да бұл өмірден өтпейді. Мұны былайша айтқанда өз нәсібі деп түсінсек болады. Оған төмендегі аят дәлел бола алады: «Олардың дүние тіршілігіндегі несібесін араларына біз үлестірдік». Құранда тіпті өрмелеген жәндіктерге дейін де баршасының ризығын Алла Тағала тарапынан берілетіндігін баяндап қойған. «Жер бетінде әр жәндіктің қорегі Аллаға ғана тән. Ол, олардың тұрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы ашық бір кітапта (Лаухыл Махфузда жазылған)» – дейді. Яғни адамдардың да, жануарлардың да, тіпті әрбір қыбырлаған жәндіктердің де ризықтарын ол (Алла) өзінің  қамқорына, жауапкершілігіне алған, һәм Үлестіруші. Осы жерде  демек арам нәрселер де Алла Тағаланың тарапынан берілгені болып тұр екен. «Неге оны жеген адам баласы жазаға тартылуы керек?» деген сынды сұрақ пайда болуы мүмкін. Бұл сауалға жауап төмендегіше түсіндіріледі. Яғни адалды (халал) жемей, арамды (харамды) таңдағаны үшін  жазаланады. Өйткені Алла Тағала өзінің құлдарына арнайы, белгіленген (Мутлақ) ризықтарды уәде еткен әрі пенделеріне оларды (ризықтарды) адал жолдармен табуға бұйырып, әмір еткен. «Әй адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер!» дейді. Егер пенде шайтанға немесе нәпсінің жетегіне еріп, Алла Тағала бұйырған адал жолдан тайып, арам жолға ұрынатын болса, Алла оның жаман ниетті әрекетіне қарай оны арам жолды, яғни берекесі жоқ ризықты нәсіп ете береді. Тағы айтарымыз, бұйрықты орындамағаны үшін, тиым салған жолды таңдағаны үшін Алла оны ауыр жазаға тартады. Берген нәсіпті жегені үшін емес, бұйрыққа қарсы келіп, шайтанға ергені үшін жауапқа тартылады.

Осы жерде бір айта кететін жайт, Құранда «Талақ сүресінің 2-3 аятта­рында Жаратушымыз «Кім Аллаға тақуалық қылса, ол (Алла) оның ризық жолын ашып қояды. Оған өзі ойламаған жерден ризық береді»,– деп баяндайды.

Яғни кімде-кім Алла Тағаланың бұйырғанын орындап, қайтарған тиымдарынан қайтатын болса, бұл дүние және ақырет қиыншылықтарынан шығар жолды Алланың өзі көрсетіп қояды. Істерін оңдап, пенде өзі ойламаған жерден ризықтандырып, тығырықтан шығар жолды көрсетіп қояды. Сол үшін де баршамыз тіпті аздық көлемдегі нәпәқа болса да адал жолмен табуға әрекеттенуіміз керек.

Ибн Омар р.ғ. риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с. айтады: «Алла Тағала еңбекқұмар мүмін пендесін жақсы көреді», – дейді. Яғни ризығын адал жолмен, адал еңбекпен іздеген құлының ризығын берекелді етеді дейді. «Кей адамдар дүниеге қатты беріліп, үсті-үстіне молая берсе»  екен деп соңына түсіп жатады. Байлық  дүниенің көбінде емес, байлық – дүниеге қанағаттануда, әрі оның берекелді болуында. Біздер қанша жерден шамадан тыс әрекеттер жасасақ та, Алла белгілеп қойған ризықтан бір тамшы да артығын ала алмаймыз.  Ризық жайындағы мәселе «Ақаидун Нәсәфи» төменде келтірілген.

«Арам да ризыққа жатады. Баршасы өз ризығына мейлі адал болсын, мейлі арам болсын толығымен қол жеткізеді. Адам өз ризығына қолы жете алмай қалуы  немесе басқа біреу оның ризығын пайдаланып кетуі деген нәрсе ешқашан орын алмайды».

Сөз соңында айтарымыз, Жаппар Иеміз адам баласына дүние тіршілігі деп ақыреттің, ақыретім деп дүние тіршілігін (ризық табу жолы)  ұмытпай, әркез  адал несібе теру жолында мехнат етуді бұйырады. Адал ризықтың берекесі мол. Өйткені Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Адал ризық табу – әрбір мұсылман үшін міндет»,– деген.

Үмбет Сабырханов,

«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий