Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды
Қараша айының 13-14-і күндері аралығында Рахым Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебінің акт залында классикалық шахматтан жасөспірім оқушылар арасында Жамбыл облысының чемпионаты өтті. Жарыстың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбек, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, Ақбұлақ орта мектебінің директоры Шарапат Бабашева және «Жамбыл облысы шахмат федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Утеулиев қатысты. Бақкелді Ғабдоллаұлы өз сөзінде ауданымызда шахмат спортының қарқынды дамып келе жатқандығын, Айару Каипова секілді жасөспірім шахматшы қызымыз республикалық, халықаралық додаларда ауданымыздың, Қазақ мемлекетінің абыройын сәтті қорғап жүргендігін тілге тиек етіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 16 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы облыстық чемпионатты есімі ауданымызға белгілі шахмат үйірмесінің жаттықтырушысы Ниязбек Каипов ұйымдастырды. Облыстық чемпионатта 6 команда, яғни 24 оқушы бақ сынады. Шарт бойынша әр команда құрамында 3 ұл, 1 қыз өнер көрсетуі тиіс. Екі күнге созылған жарыс өте тартысқа толы болды. Чемпионат қорытындысы бойынша командалық сайыста жүлделі үшінші орынды Құлан ауылының командасы иеленсе, Тараз қаласынан келген «Гамбит» командасы жүлделі екінші орынға ие болды. Тараз қаласының атынан сынға түскен «Этюд» командасы жарыс жеңімпазы атанды. Бұл командалық сайыстың нәтижелері. Ал жекелей сында да жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, барлығына алғыс хатпен қоса медальдар табыс етілді.
Командалық сайыста топ жарған «Этюд» командасы республикалық чемпионатта облысымыздың намысын қорғайтын болады.
Марат Жолдасбекұлы.
